31 мам, 2022 сағат 20:41

Маңғыстау облысында басқарма басшысының бұрынғы орынбасары сотталды


Маңғыстау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

"Биыл 30 мамырда Ақтау қалалық сотының үкімімен Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Бақтыбай Ізімтаев күн панельдерін жеткізушілерден субсидия беру кезінде жалпы қамқорлығы үшін пара алу дерегі бойынша кінәлі деп танылып, оған 28 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сондай-ақ, күн панельдерін жеткізушілер Шынболат Құмар, Жақсылық Аралбаев пара бергені үшін сотталып, әрқайсысына 2,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, сот "Байсырымов" ЖК иесін жалған құжаттарды ұсыну арқылы субсидия сомасын алған алаяқтық дерегі бойынша кінәлі деп танып, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сотталғандардың қылмыстық іс-әрекеті нәтижесінде мемлекетке 6,9 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.