06 қар, 2018 сағат 14:02

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қамауға алынды

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ақтау қаласы мамандандырылған тергеу сотының 5 қарашадағы қаулысымен Серік Қалешұлы Аманғалиев екі айға қамауға алынды. Оған мемлекеттік қызметке және мемлекеттік басқару қызметінің мүддесіне қарсы аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген айып тағылған. 

Баспасөз қызметінің ақпаратынша, Аманғалиев 3 қараша күні сағат 18.40 шамасында Ақтау халықаралық әуежайының аумағында ұсталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлері облыс әкімінің бірінші орынбасарынан 115 000 еуро тәркіледі. 

Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 3-тармақшасы (пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.