05 қаз, 2017 сағат 15:20

Маңғыстау облысы әкіміне хат

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоқжанов мырзаға

ҰСЫНЫС

Әкім бол, халқыңа жақын бол!

Құрметті Ералы Ұлықпанұлы!

Сіз Маңғыстау облысына әкім болып келгеніңізге 6 айдан аса уақыт болды. Әрине бұл кезең жергілікті халық пен қарамағыңыздағы кадрлармен танысуға ғана кететін аз ғана уақыт. Сондықтан да қазір сізді мақтауға да, даттауға да әлі ерте, бір жылдан кейін халық өз бағасын береді. Бірақ сіздің мемлекеттік қызметкерлерге қойып жатқан талабыңызға көңілім толады. Сіздің: «Бұл кемшілікке сіз жауап бересіз, бір ай уақыт беремін, кемшілікті орындайсыз және орындалғаны туралы маған есеп бересіз, болмаса мәселе басқаша болады» деп тапсырма беріп жатқаныңызды «Қазақстан Ақтау» телеарнасынан көріп риза болып отырамыз.

Құрметті Ералы Ұлықпанұлы! 

Мен осы Маңғыстаудың төл перзентімін, туған өлкемнің өсіп-өркендегенін, гүлденгенін, азаматтарының жақсы болғанын қалаймын. Сол себепті көкейімде жүрген ұсыныс-пікірлерімді сізге жолдағанды жөн санадым.

Біріншіден, қазір жергілікті билік пен халықтың арасы жыл өткен сайын алшақтап барады. Бұл сізден бұрын да жалғасып келе жатқан жағдай. Облыс әкімімен арада танысың, делдал адамың болмаса, қарапайым халықтың әкімімен кездесуі, тіпті, мүмкін емес. Ал халықтың сізге жазған өтініш хаттары, «сізге жетпейді, хатшылардан әрі өтпейді» деп көп естиміз. Сіз Маңғыстауға келген бойда аудандарды тегіс араладыңыз, бірақ қарапайым халықпен әлі кездескен жоқсыз. Сіздер арнайы сызылып берілген сценаримен ғана жүресіздер. Сценариде «облыс әкімі ауданға қашан барады?», «Қайда қай жерді аралайды?», «Жаңа салынған құрылысты көреді, не лентасын қияды?», «Қай сарайда кездеседі, ол кездесуге кімдер шақырылады, кімдер сөйлейді, қандай сұрақтар қойылады?», «Кім өлең оқиды, қай ақсақал бата береді?» – бәрі-бәрі арнайы дайындалып, облыстық ішкі саясаттың сүзгісінен өтіп тұрады.

Ал, ауылдың қарапайым халқы сіздің ауданға келіп кеткеніңізді «Қазақстан Ақтау» телеарнасының кешкі жаңалықтарынан ғана естиді. Сонда «кім-кіммен кездесіп жүр», «не үшін келді?» деген орынды сұрақ туады. Сізден сұрайтынымыз – елмен кездескіңіз келсе, елдің жағдайын өз көзіңізбен көріп, халықтың тілегін өз құлағыңызбен естимін десеңіз былай жасаңыз. 

Мысалы, Маңғыстау ауданы халқымен кездескіңіз келсе, алдын ала хабарландыру жазыңыз. Мысалы, «Шетпе мәдениет үйінде 20.10.2017 жылы сағат 10.00-де облыс әкімінің халықпен ашық кездесуі болады». «Сағат 15.00 жеке азаматтарды қабылдайды» деп жазып қойса. Халық кездесуде елдің жағдайын да, өз жағдайларын да сізге толық айтар еді. Сіз ауылдың жағдайын әкімдердің дайындаған адамдарынан емес, халықтың өз ауыздарынан естір едіңіз. Кездесу туралы баспасөзде алдын ала жарияланса. Сонда ғана халық пен әкімнің арасы жақындар еді. Маңғысау облысында 5 аудан 2 қала бар, көп болса бір жылда 7-ақ күніңіз кетеді. Сонда халық сізге риза болар еді, сіз де халықтан көп нәрсе естір едіңіз. Жергілікті әкімдердің де жауапкершілігі артар еді. 

Екінші, облыс әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, бөлім басшылары, облыстық басқарма басшылары үнемі Астана мен Алматыда, одан қалса шетелдерде жүргенін теледидардан көріп, әлеуметтік желілерден оқып отырамыз. Әрине, Астанаға жұмыс сапарымен барғаны дұрыс шығар, бірақ мемлекеттің 200-300 мың теңгесімен Астанаға 2 күнге ұшып барғаннан гөрі, жеңіл көлігіне 2-3 мың теңгеге газ құйып алып Ақшымырау мен Қызанға, Тиген мен Бекі ауылдарына барғаны ел үшін маңызды болар еді. Ақиқатын айтайын кейбір департамент басшылары Маңғыстауда тұрғанына бірнеше жыл болса да, Маңғыстаудың ауылдарын әлі аралап көрмегендері жетеді. Мысалы, бір орынбасарларыңыз Ақтаудан шығып Тиген ауылына барсын, күздің қара суығында газ жоқ, көмір жоқ, қи жағып, бүрсеңдеп тоңып отырған қарттар мен сәбилерді өз көздерімен көрсін. Қыста барып бір үйіне қонсын, олар да халықпен бірге тоңсын. Сол Тиген ауылынан шығып, Қызан ауылана жеңіл көлікпен жүрсін, олар да жол азабын сезсін. Сосын Ақшымырау мен Қызанның тұрғындарына жолдың неге биыл тоқтап тұрғанын айтып түсіндірсін. Қайтар жолда Бекі ауылына соқсын, Бекіге судың неге тартылмай тұрғанын, мектептің неге салынбай жатқанын, интернет қашан келетінін халыққа жеткізсін. 

Маңғыстаудың бар ауылында шешімін күткен мәселелер жетеді. Соларды өз көздерімен көрсін, сонда ғана сапалы жұмыс болады. Ал, аудан мен ауыл әкімдерін Ақтауға аптасына шақырып жиналыс өткізе бергеннен жұмыс жүрмейді. Жиналыстарды ауылдарда өткізің, ауылдың тұрғындарымен бірге талқылаңдар. 

Қазір ауылдың халқы қолындағы аз ғана малымен күн көріп отыр. Малдың жүн-терісі өтпейді, етін тапсыратын жердің жағдайыда мәз емес, алда қылышын сүйретіп қыс келеді, Маңғыстаудың малы қыстан аман шыға ма? Ол жағы әлі белгісіз? Қазір бір қап кебек жемнің салмағы 18 кг бағасы; 800-900 теңге болып тұр. Ауыл шаруашылық басқармасының басшысылары ауылға келіп, өз көздерімен көрсін, көмегін көрсетсін. Кеңседе, компютердің алдында телміріп отырғаннан жұмыс болмайды. Ауылдарды араласын!

Құрметті Ералы Ұлықпанұлы! 

Бұл тек менің ғана ұсынысым емес, ауыл халқының өтініші деп білгейсіз. Біз Сіздің жұмысыңызға жеміс, қызметіңізге абырой тілейміз. Қазақ халқында «әкім бол, әкім болсаң халқыңа жақын бол» деген ұлағатты сөз бар. Біз Сізді халыққа жақын әкім болады деп сенеміз.

Құрметпен, Жәнібек Қожық

Онды ауылы