12 жел, 2017 сағат 14:25

«Мәңгілік Ел» – Қазақ халқының ұлттық идеясы

Кез-келген мемлекеттің болашақ дамуына айқын бағдар нұсқайтын, өткенімен қатар бүгінгі жаһандану жағдайында ұлтты ұйыстырып, халықты біріктіретін, қоғам дамуында шешуші рөлге ие қозғаушы күшіне айнала алатын ұлттық идеяны қажет ететіндігі сөзсіз. Себебі, ұлттық идея қауымдастықтың өзін-өзі ұлт деп тануына сеп болып, сол ұлттың ұстанымдары, құндылықтары мен көзқарастарын жалпы әлемге паш ету тәсілі іспетті болмақ.

Тарихқа назар салсақ,халықтың интеллектуалдық күш-қуаты мен ұлттық ресурсын біріктіріп, ор­тақ мақсатқа бастайтын осы жалпыұлттық идея арқылы қысылтаяң кезеңде мемлекеттің дамыған жағдайлары көп кездеседі. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыстан күйрей жеңілген Жапонияның қазіргі таңдағы экономикасының қарыштап дамуына Исибаси үкіметінің «Игілікті мемлекет», Икэда үкіметінің «ұлттық табысты екі еселеу» ұрандарына негізделген күшті ұлттық идеологиялық тұғырнамасы әсер еткен болса,бүкіл әлемдік қауымдастық қолдаған Нельсон Манделаның ақ немесе қара нәсілге бөлмеуге үндеген апартеидсіз ел саясаты Оңтүстік Африка Республикасының ұлттық идеясына айналып, мемлекеттің өрлеуіне себеп болды.

Көпэтносты Қазақстанның да мемлекет болып нығаюы, зайырлы қоғам ретінде жетілуі мен біртұтас ұлт болып кемелденуі жолында біршама айтарлықтай қадамдар жасалғандығы айқын. Дегенмен, уақыт талабына сайділі мен дініне берік, алдына биік мақсаттар қоя білетін, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, рухы биік, жақсылыққа жаны құштар халық ретінде өзіндік ұлттық идеямызды анықтау қажеттілігі туындады. Осы орайда, Қазақстан РеспубликасыныңПрезиденті Н.Назарбаевхалықтың әл-ауқатын жақсартып, бірлігін арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам ретіндегі«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі ретінде ұсынған болатын. Әрбір азаматқа арналған арнайы жолдау барлық қазақстандықтар қолдайтын ортақ, әлеуметтік, этностық, діни бірегейлікті қамтамасыз ететін басты ұстанымға айналып отыр. Жолдауда атап көрсетілген негізгі құндылық – ұлттық идеологиямыздың «Мәңгілік Ел» ретінде айшықталуында.

«Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті»- деп жария еткен Президент,тарихи мәнге ие құжатты – «Бес институционалды реформаны жүзеге асыруға бағытталған нақты жүз қадам» атты бағдарламаны идеологиялық негізіретінде ала отырып,конфессияаралық-этносаралық келісімді, азаматтылық пен жаңа ХХІ ғасыр патриотизмінің ерекшеліктерін түсіндіру идеясы арқылы бүкіл қазақстандықтарды ұлтына, нәсіліне, діни сеніміне қарамастан бір топқа топтастыратын мемлекет ұстанымдарынбелгілеп берген болатын.

Аталмыш жалпыұлттық идеяның өзегі ретінде жеті тұғыр – жеті құндылық көрініс тапқан. Тәуелсіздік және Астана, Жалпыұлттық бірлік, Бейбітшілік пен келісім, Зайырлы мемлекет және жоғары руханият, Инновация негізіндегі тұрақты экономикалық өсім, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы – міне, осы аталған негізгі жеті құндылықтың 2-тармағында көрсетілген «2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы» аясында дін сынды қоғамдық феноменнің халық пен мемлекеттің тұтастығындағы маңыздылығын анықтау мен халықтың рухани мәдениетін қалыптастыру үрдісіндегі діннің басты функцияларына баса назар аудару қажеттілігі айқындалған.

Шын мәнінде, діннің ұлтты біріктіруде, қоғамды рухани тұрғыда сауықтыруда, халықты ізгілікке, адалдыққа, рухани кемелдікке тәрбиелеудегі маңызы зор. Сондай-ақ, дін – азаматтардың рухани өмірі мен мемлекеттік саясаттағы елеулі факторлардың бірі екенін ескерген дұрыс.Бұл арада,«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізіндекөпұлтты еліміздегі діни сауаттылыққа ерекше көңіл бөлу маңыздылығы көрсетілген. Өйткені, жаһандану үдерісінің күшейіп, қолжетімді ақпараттар легі артқан сайын, ел болашағы –өскелең ұрпақтың бойында жан-жақтан ағылған ақпараттарды «ішкі сүзбеден» өткізіп, деструктивті идеологияларды қабылдамайтын иммунитет қалыптастыру өзектілігі артпақ.Жат пиғылды ағымдардың өз қатарларын, көбінесе жастармен толықтыруы,олардың бойына халқымыздың ұлттық санасы мен мәдени әрі тарихи құндылықтарына деген теріс ой қалыптастыруы – еліміздің ішкі тұрақтылығына қатер төндіретіндігі анық. Бұл әрекеттерге қарсы тұру үшін жастардың діни сауаттылығын арттырып, олардың бойына ұлттық салт-дәстүрімізді сіңіру қажет. Осылайша, төл дәстүрді, мәдениет пен тарихты жаңғырту және дін мен тілді өркендету– зайырлылық қағидаттары мен руханият саласын қамтыған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясыныңбасты мақсаттарының бірімен ұштасты.

ҚР Президенті Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында: «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі күнге жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болу керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз» – деген сөздері арқылы Қазақстанның дін саласындағы саясатының дінаралық келісім, діндер үнқатысуы мен діни толеранттылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын ескере отырып, зайырлы қоғам және жоғары руханият секілді теңдесіз құндылықтардың арқасында елімізді нығайтқанымызды, жетістіктерімізді арттырғанымызды ерекше атап өткен болатын.

Қорытындылай келе, халқымыздың басты әрі маңызды құжаты – «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясындағы басты құндылықтарды басты бағдарымыз ете отырып, мемлекеттің стратегиялық саясатын қолдап, бейбітшілік пен тұрақтылығымызды сақтай отырып жетілдіру – әрбір қазақстандықтың басты міндеті деп тануымыз қажет.

Қабылханова Айман,

ҚР ДІАҚМ Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыс бөлімінің ғылыми қызметкері