23 қыр, 2020 сағат 10:22

«Манас» дастаны 60 жылдан кейін қазақ оқырмандарының қолына қайта жетті

Достық үйінде Түркі академиясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін» атты алқалы жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара барысында Халықаралық Түркі академиясы дайындаған «Манас» эпосының қазақ тіліндегі нұсқасы және Абай шығармаларының қырғыз тіліндегі академиялық басылымы таныстырылды. 

«Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай екі сүйінші жаңалығымыз бар. Бұл бауырластық байланысымызды бекемдей түсетін рухани қазыналармен толығып жатыр. 1961 жылғы Мұхтар Әуезовтің басшылығымен жарық көрген «Манас» дастаны 60 жылдан кейін қазақ оқырмандарының қолына қайта жетіп отыр. Жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов өзінің керемет шеберлігімен қазақшалап шықты», - дейді Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ, биыл ұлы Абайдың 175 жылдығы.

«Бұл қазақ елінде ғана емес, бауырлас түркі жұрттарында да кеңінен атап өтілуде. Соның бір жарқын айғағы – Абай тек қана қазақтың ақыны емес, қырғызға да ортақ тұлға ретінде академиялық таңдамалы жинағы бірінші рет жарық көріп отыр. Түрік академиясы осы екі еңбекті сіздерге ұсыну мәртебесіне ие болды», - дейді ол. 

Жиын басталған кезде аталған екі еңбектің тұсауы кесілді.