09 қаң, 2020 сағат 12:44

МӘМС бойынша науқастың сұраған қызметіне жоқ деуге болмайды - вице-министр

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Шымкенттегі медицина ұйымы басшыларымен кездесіп, МӘМС жүйесі бойынша көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің барысымен танысты. Сондай-ақ емханаларда медициналық қызмет көрсететін бейінді мамандардың жұмыс кестесін бақылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров және министрліктің инвестициялық саясат департаментінің директоры Аслан Кинаятов бастаған аймақтың штаб мүшелері үшінші мегаполисте көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің жан-жақтылығын, толықтығын қарау мақсатында бірқатар медициналық мекемелерді аралап шықты.

Жұмысшы топ өкілдері қаладағы №8 және №13 емханаларды аралап, тіркеу бөлімінің жұмысы арқылы пациенттердің мәртебесін және сақтандырылғаны жөнінде ақпаратты тексеріп көрді. Жұмыс тобы науқастар үшін бейінді мамандар қызметінің қаншалықты қолжетімді екенін бірыңғай КМИС мобильді қосымша жүйесі арқылы тексерді.

Сондай-ақ, кардиологиялық орталықтың жұмысымен танысқан топ мүшелері науқастармен тілдесті. Орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаевтың сөзінше, сақтандыру жүйесі бойынша орталыққа шұғыл жағдайда жеткізілетін пациенттерге көмек көрсетуде ешқандай кедергілер жоқ. Себебі жаңа жүйе бойынша науқастарға жедел көмек көрсету бұрынғыша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңбері негізінде көрсетіледі. Сонымен қатар жұмысшы топ мүшелері қалалық әкімдікте өткен жиынға қатысты. Мәжілісте сөз алған ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Талғатұлы қаланың медициналық ұйымдары жаңа жүйе бойынша жұмыс істеуге дайын екендеріне көз жеткізгенін атап өтті. Сала мамандарына науқастар үшін кез-келген қызмет қол жетімді болу қажеттігін тілге тиек етті.

«Ағымдағы жылдың бірінші сәуіріне дейін кез-келген пациенттің мәртебесі шартты түрде сақтандырылған. Сондықтан медицина мамандары МӘМС бойынша науқастардың сұраған қызметтеріне жоқ деуге болмайды. Қандай жағдай болмасын пациенттің пайдасына шешілуі тиіс. Сондай-ақ кз-келген тұрғын 1406-нөмірі арқылы тәулік бойы сақтандыру қорының колл орталығына хабарласуларына болады. Жалпы МӘМС бойынша науқастың сұраған қызметіне жоқ деуге болмайды», - деді Қамалжан Надыров.

Айта кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қаланың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы көлемі 35 пайызға артып отыр.Нәтижесінде науқастарға қол жетімді медициналық қызметтер саны көбейіп, медициналық ұйымдарда реабилитациялық қызмет көрсететін 600-ден аса төсек орынға ашылды. 7 ұйымда ситуациялық орталық ашылып, оның жұмысы бірыңғай жүйе арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.