ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тұтынушылардың құқығын қорғаумен айналысатын омбудсмен институтын енгізу ұсынысын қолдайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттырумен тығыз байланысты.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейі адал және бәсекелес кәсіпкерлікті дамытудың индикаторы болып табылады.
Өз құқықтарына сенімді тұтынушылар сапалы тауарларға, жұмыстар мен қызметтер көрсетуге белсенді сұранысты қамтамасыз етеді. Бұл экономиканы дамытудың құрамдас бөлігі болып табылады», - деді ол Үкімет отырысында.
Cондай-ақ, ол пандемия кезеңінде электрондық сауда қызметтеріне сұраныс күрт өскенін еске салды.
«Сондықтан тұтынушылар құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін құқықтық нормаларды одан әрі жетілдіру қажет. Былтыр заңнамаға түзетулер енгізіліп, Үкімет жанынан Ведомствоаралық кеңес құрылды, тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Омбудсмен институты тиімді басқарудың заманауи моделінің ажырамас бөлігіне айналды. Көптеген елдердің тәжірибесі тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу қажеттігін айғақтайды.
Оның міндеті тұтынушыларға құқықтық көмек көрсету болмақ. Бұл норма әзірленіп жатқан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа редакциядағы заң жобасында жазылады. Жалпы осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмысты қолдаймын», - деді Премьер-Министр.