Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында іске асатын инфрақұрылымдық жобалар тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталуы керек. Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысында салаға жауапты ведомствоға осындай міндет жүктеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Үкімет басшысы былтыр жұмыспен қамтудың жол картасы жұмыссыздықпен күресте және халықтың әл-ауқатын жақсарту ісінде жоғары тиімділік көрсеткенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасын кеңейту жөнінде шаралар қабылданды. Сондықтан, биыл жол картасын орындау шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға кәсіпкерлік пен аграрлық саланы дамыту арқылы тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударылады. Соның ішінде өңірлердегі жолдарды, медицина және білім беру ұйымдарын салу және жөндеуге бағытталған 127,5 млрд теңгені құрайтын инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады», - деді Асқар Мамин.
Сондай-ақ, бизнесті қолдауға бөлінетін қаражаттың басым бөлігі өңірлерге бағытталатынын айтты.
«Атамекен» палатасы мен әкімдіктер қатысатын микроқаржылық ұйымдар арқылы 22,5 млрд теңге көлемінде бизнес жобаларды қаржыландыру жоспарланған. Өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға 50 млрд теңге бағытталады», - деді Премьер-Министр.