Бүгінгі Үкімет отырысында «Нұрлы жер» және 7-20-25 бағдарламаларының іске асырылу барысы қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қ. Алтынбеков сөз сөйлеп, сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштеріне қол жеткізбеген Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.
«Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары – халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі Мемлекет басшысының әлеуметтік саясатының негізі», — деп ҚР Премьер-Министрі А. Мамин, келесі бағыттар бойынша шаралар қабылдау керектігін атап өтті.
Бірінші. Тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту.
«Биыл біз 13,1 млн шаршы метр пәтерді пайдалануға беруіміз керек. Әкімдіктер және тиісті мемлекеттік органдар жер телімдерін бөлу, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды салу, сонымен қатар инвестициялық тұрғын үй жобаларын сүйемелдеу бойынша жұмыс қарқынын арттыруы қажет», — деді А. Мамин.
Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысында ортақ архитектуралық келбетті сақтау керек. Премьер-Министр атап өткендей, бұл тапсырма тек үш өңірде: Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орындалған. Ал қалған өңірлерде бұл бағытта жұмыс енді басталуда. Сондықтан да, осы жұмыстың қарқынын арттыруды тапсырды.
Екінші. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу.
Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында 5 жылдың ішінде, жыл сайын 6 мыңға жуық көп балалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі.
«1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті займ бойынша 22,5 мың отбасы баспана алады», — деді А. Мамин.
Бұл тетік заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілген соң іске қосылатыны атап өтілді.
Үшінші. Құрылыстағы отандық үлесті 90 пайызға дейін ұлғайту.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы құрылыстағы отандық үлесті ұлғайту міндетін қойды. Отандық құрылыс материалдарын шығару қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының арнайы бағыты болып табылады. Оның орындалуына 600 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.
«Бұл үшін жеңілдікті қаржыландыру мен мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Осы бағытта жаңа жобаларды дамыту керек, — деді Премьер-Министр. — Жергілікті өнімді пайдалану экономиканың басқа салаларына мультипликативті әсер етеді, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді».
Мысалы, Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жүріп жатыр, деп атап өтті А. Мамин, осы жерде құрылыс материалдарын шығару бойынша жобалар жүзеге асырылуы қажет. Жалпы, осындай өндірістерді барлық өңірлерде құру тапсырылды.