14 қар, 2018 сағат 13:33

Мамин Қарағандыда еңбек дауының алдын алу мәселесін көтерді

Кәсіпорындарда еңбек дауының пайда болуына бес фактор себеп бола алады. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан Қошанов ҚР вице-премьері Асқар Маминнің төрағалығымен өткен семинар-жиналыста атап өтті, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты

Семинар-жиналыстың тақырыбы «Компанияның әлеуметтік саясаты: тәжірибе және даму әлеуеті» болды. Отырыс барысында жалақыны көтеру, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік және еңбек заңнамасының талаптарын орындау туралы әңгіме қозғалды. 

- Елбасы Жолдауында еңбекақыны бір жарым есе ұлғайту бойынша шаралар қолдануға тапсырмалар берілді. Бұл ең төменгі еңбекақы көлеміне және төмен жалақы алатын жұмыскерлердің айлық ақысын көтеруге қатысты айтылған сөздер. ERG, KAZMinerals және ArcelorMittal Temirtau секілді компаниялары 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлердің еңбекақысы көтерілетіні туралы мәлімдеген. Ол табысы 25 АЕК төмен екі миллионнан астам жұмыскерлерге қатысты жүзеге асырылады, - деді өз сөзінде Асқар Мамин. 

Ол сонымен қатар еңбек дауы пайда болуының алдын алу мәселесін көтерді. Бұл мақсатта үкіметте арнайы карта құрылған. Оған осындай шиеленіс орын алу қаупі анағұрлым жоғары бірнеше аймақтар енгізілген. Аталмыш тізімде Қарағанды облысы да бар.  Аймақта еңбек дауының алдын алу үшін қандай шаралар қолданылып жатқаны туралы вице-премьерге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов баяндады. 

- Біз әлеуметтік сауалнама өткіздік, және де еңбек дауының пайда болуына ықпал ететін бес факторды анықтадық. Ол - нақты еңбек шартына және жұмыс көлеміне сай келмейтін немесе төмен жалақы көлемі; жұмыс беруші мен жұмыскер арасында құрылымдық диалогтың жоқтығы; сәйкес келмейтін жағдай, еңбек қорғауы және қауіпсіздігінің төмен деңгейі; тиімді емес кадрлық саясат; кәсіпорындардың әлсіз әлеуметтік бағыттары - төмен тұрмыстық жағдай және бос уақыттың ұйымдастырылмағандығы, - деп тізіп шықты Ерлан Қошанов.  «Қазір осы пункттердің әрқайсысы бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Облыстың көптеген компанияларымен меморандумдарға қол қойылған, осы келісімдерге сай 2019 жылы олардың қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілетін болады». 

Ал жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін диалогтық алаң құруға келер болсақ, бұл ретте әр кәсіпорын өз тәсілдерін іздестіруде. 

- Мысалы, «Қазақмыс» рудниктерінде өз-өзіне қызмет көрсету интерактивті бекеттері енгізілді, олар ұжымдағы жайды қадағалауға септігін тигізетін әдіс ретінде қарастырылады. Әр қызметкер электрондық терминал көмегімен жасырын немесе ашық түрде проблемалары туралы айтып, ұсыныстарын білдіре алады. Ол өз кезегінде басшылыққа нақты жағдайды көріп, шұғыл түрде оған әрекет жасауға көмегін тигізеді. Кейбір жайттарда біз диалог құрудың басқа тәсілдерін қолданамыз. Осылайша, «АрселорМиттал Теміртау» Көмір департаментінде үнемі қызмет ететін жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына Көмір департаменті шахталарының барлық басшылары, кәсіподақ жетекшілері және ең бастысы - әр еңбек ұжымы атынан жіберілген кеншілердің өкілдері енгізілген, - деп атап өтті Ерлан Қошанов.  Бұған қоса, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында даулы жайттарды шешу үшін облыста Татуластыру орталығы құрылған, оған дауласушы жақтар көмекке жүгіну үшін келе алады. Екі айда онда 71 өтініш тіркелген. 

Аймақ басшысы өз баяндамасында сонымен қатар ірі компаниялардың кадрлық саясатына қатысты мәселе қозғады. Оның айтуынша, аталмыш кәсіпорындарда негізгі лауазымдарға шетелдік азаматтар тағайындалады. 

- Аутстаффинг жүйесі, біздің пікірімізше, заңнамалық деңгейде реттеуді қажет етеді. Сондай-ақ назар аударуды талап ететін тағы бір мәселе - деңгейі сай келетін жергілікті мамандар бола тұра, шетелдік қызметкерлердің тартылуы. Тұрақтылықты сақтап қалу үшін және тиімді басқару үшін жергілікті кадрлық әлеуетті қолданған, өз мамандарымызды даярлау, жергілікті тәжірибелі қызметкерлерден басшыларды дайындаудың маңызы зор. Осы мақсатта бүгіннен бастап-ақ облысымыздың ЖОО мен колледждері ірі компаниялардың тапсырысы бойынша мамандарды даярлап жатыр. Ол түлектердің жұмыспен қамтылуына кепілдік береді, - деді ол. 

Асқар Мамин өз кезегінде ауқымды цифрландырудың арқасында 2030 жылға қарай кәсіпорындарда адамдар атқарып жатқан жұмыстардың 45% автоматтандырылатын атап айтты. Осылайша, 2025 жылы алдын ала есептеулер бойынша 5 мыңға жуық жұмыскерлерге сұраныс жоғалады. 

Бұл проблеманы шешу мақсатында Қарағанды облысында қазірден бастап шаралар қолданылып жатыр. 

- Бүгінгі таңда 86 ірі кәсіпорындар жұмыс ресурстарының басқа салаға бағытталуы бойынша Жол картасын құрды. Ол үшін біз «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, кадрлық сұранысты бақылау және болжау орталығын құрып жатырмыз. Сондай-ақ алдағы үш жылда 27 жаңа инвестициялық жобаларды іске қосудың арқасында 9000 жұмыс орындары құрылады, - деді Ерлан Қошанов.