23 ақп, 2021 сағат 07:41

Мамин: Экономиканы дамыту үшін жаңа институционалдық жағдай жасалады

Экономиканың дамыту үшін жаңа институционалдық жағдай жасалады. 2021 - 2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім жайлы Үкімет басшысы Асқар Мамин осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл келісім – Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісілген іс-қимылын қамтамасыз етеді. Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру - елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының басымдығы. Ол үшін ақша-кредит, салық-бюджет және құрылымдық саясат, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясаты үйлестіріледі», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша бірлескен шараларды іске асыру үш бағыт бойынша жүргізіледі.

«Бірінші «Макроэкономикалық орнықтылықты арттыру» бағыты аясында төмен инфляция, қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен экономиканың өсімі арасында теңгерімді сақтай отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыру бойынша шаралар қабылданады. Инфляцияны біртіндеп төмендету және оны орнықты экономикалық өсімге ықпал ететін төмен деңгейде ұстау бойынша жұмыс жалғасады. «Қаржы нарығын дамыту» деген екінші бағытты іске асыру 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын қабылдауды көздейді. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен экономиканың өсімін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, қаржы механизмі негізінде экономиканы банктік кредиттеуді айтарлықтай кеңейту бойынша шаралар қабылданады», - деді ол.

Одан бөлек «Экономикалық өсудің ұзақ мерзімді әлеуетін арттыру» деген үшінші бағыты аясында бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға, өңірлік және жаһандық қосылған құн тізбегіне кірігуге негізделген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру тетігі ынталандырылмақ.

«Экономиканың сапалы және орнықты дамуы үшін түбегейлі жаңа институционалдық жағдай жасалынады. Жаңа экономикалық жағдайда халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауатының артуына ықпал етеді», - деді ол.

Отырыста Үкімет мүшелері тиісті Үкімет қаулысының жобасын қолдап дауыс берді. 

«Барлық мүдделі мемлекеттік органдар, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі келісімнің іс-шараларын белгіленген мерзімде, сапалы орындауды қамтамасыз етуі қажет», - деді Асқар Мамин.