ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин экология мәселелеріне қатысты министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ерекше назар аудару қажет бірқатар мәселе бар. Бірінші, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу шаралары елеулі өзгерістерге әкелетінін ескеріп, халық, бизнес және жалпы экономика үшін ықтимал шығындарды барынша нақты бағалау қажет. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының пысықталған жобасын 2022 жылғы 1 сәуірге дейін енгізуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы құрылыс қалдықтары мен қоқысқа арналған полигондардың жоқтығы рұқсатсыз қоқыс үйінділеріне әкеп соғатынын еске салды. Сондықтан Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес құрылыс полигондарын жасау мәселесін пысықтауы қажет.
«Үшіншіден, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында 10 қалада ірі кәсіпорындардың ластаушы заттар шығаруын азайту шаралары көзделген. Осыған байланысты Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, тиісті жол карталарын әзірлеп, шығарындыларды азайту көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша пәрменді шаралар қабылдасын. Энергетика министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді газдандыру мәселесін жандандыруы қажет», - деді Асқар Мамин.