22 қаз, 2021 сағат 13:16

Мамай мен оның өкілі Калиевтің өтініштерінің абсурдтығына әркім көз жеткізе алады – заңгер Тәшенова


«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбектің адвокаты А.Ташенова белсенді Ж.Мамай мен оның заңды өкілі Е.Қалиевпен жалғасып жатқан сот процесінің барысы туралы мән-жайларға тоқталды.

Бұл туралы «Кеше сот кабинетінде Е.Қалиевтің Алматы қаласының Әуезов аудандық №2 сотының Ж.Мамай мен И.Иманбаевадан мемлекет кірісіне әрқайсысынан 140 016 теңгеден өсімпұл өндіріп алу туралы шешіміне қатысты Алматы қаласы сотының апелляциялық алқасына жазған жеке шағымдарын алдым», – деп А.Ташенова өзінің Facebook-парақшасында жазба қалдырған.

А.Ташенова бұған дейінгі 2 сот инстанциясының шешімдеріне сәйкес, сотта жеңіліс тапқан Ж.Мамай мен И.Иманбаева 876 402 теңге көлемінде сот шығындарын мәжбүрлі түрде төлегенін, алайда талап-арыздың негізгі талабы – Б.Байбек туралы жалған материалдарды жоққа шығаруды және оларды жоюды әлі орындамай отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар, олардың заңды өкілі Е.Қалиев жазған жеке шағымдарға қарап, оның кәсіби деңгейі төмен екенін аңғаруға болады дейді. 

«Жеке шағымдардың мазмұнын зерделеу барысында борышкерлер өкілінің кәсіби деңгейі туралы еріксіз сұрақ туындайды. Қалиев ар-намысты, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау туралы сот шешімімен келіспейтінін мәлімдей отырып, тағы да жалаң эмоциямен 2 инстанцияда дәлелденген фактілерге қарсы шығуға тырысып отыр. Бұл ретте ол мұның осы сотта қарастыру мәні бола алмайтынын жақсы білетініне сенімдімін», – делінген жазбада.

Ең қызығы, борышкерлер сот шешімін орындамаған жағдайда Алматы көшелерін сыпыратын көрінеді.

«Борышкерлердің нигилистік ұстанымы, сот шешімін көпшілік алдында және қасақана орындамауы бізді Мамай мен Иманбаева Алматы көшелерін сыпыратын басты шоуға жақындата түсуде деп санаймын», - деді адвокат А.Ташенова.

А.Ташенова өз жазбасын «Борышкерлердің долбарларының дәйексіздігіне және тіпті абсурдтығына әркім өз бетінше көз жеткізе алуы үшін мен Ж.Мамайдың мүддесі бойынша берілген Е.Калиевтің жеке шағымын (себебі екі шағымда да мәтіндер бірдей) және оған менің пікірімді қоса беріп отырмын», – деп қорытындылаған.

Жазбаның толық нысаны келесі сілтемеде.