ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары баланы мығым жетілдіру бойынша ата-аналарға біршама маңызды кеңес берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біріншіден, балалардың мектептегі алғашқы күндері ерекше назар аударуды қажет етеді. Бірінші сыныпқа келген бүгінгі балалардың ерекшелігі – тез шаршауда. Балаға қалай көмектесе аламыз? Біріншіден, күн тәртібін сақтау: күніне кем дегенде 10 сағат ұйықтау, дұрыс тамақтану, жаттығу жасау», - деп хабарлайды орталықтан.
Мамандардың айтуынша, оқушылар ұзақ мерзімді жазғы демалыстан кейін режимді, әсіресе ұйқыны қалпына келтіруі қажет: баланың жатар уақытын, ұйқысының қануын, қозғалыссыз күйде неше сағат болатынын, отырып өткізген уақытын физикалық жүктемемен қалай алмастыратынын қадағалаған абзал. Демалыстан кейін бұл режимді бір сәтте ауыстыру моральдік тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да қиынға соғады. Балаңызға өзіңіз үлгі көрсете отырып көмектескен жөн. Бала ұйықтар алдында 4 сағат бұрын шулы ойындар ойнаудан, теледидар мен компьютерден, ауыр ас ішіп, шулы музыка тыңдаудан шеттету керек.
«Екіншіден, сіз тұратын аймақтың климаттық ерекшелігін ескеріп, балаңызға киетін киімін дұрыс таңдауға көмектесіңіз. Күзде ауа райы алдамшы әрі құбылмалы: үй-жайларда жылы, ал далада ауа-райы желді болуы мүмкін. Сондықтан көпқабатты киімге бейімделген жөн - бала өзін жайлы сезінуі үшін жеңіл киінгені абзал және далада тоңып қалмас үшін қалың күртешесін киіп алуы керек. Осы мәселені сынып жетекшісімен талқылауды ұмытпаңыз: сынып күн түсетін жақта орналасса сыныптағы температура да жоғары болады. Қатты ыстық бас ауруына әкеліп, ағзадағы терморегуляция бұзылысының себебіне айналуы мүмкін. Егер бала тоңып қалса, оның иммунитеті де әлсірейді, оның нәтижесінде балаға суық тиіп, сырқаттануы мүмкін», - делінген хабарламада.
Үшіншіден, бала оқушы болған сәттен бастап, артық жүктемеден оның көру қабілеті нашарлай бастайды. Оған қоса, мультфильмдер мен компьютер ойындарынан да қосымша нашарлай береді. Толығымен қалыптаспаған көру органдарының дамуын асыра салынған жүктемеден және еңбек пен демалыс режімінің болмауынан тез құртып алуға болады. ДДҰ статистикасы бойынша, мектеп жасындағы әрбір төртінші бала көз ауруынан зардап шегеді. Солардың арасында алыстан нашар көру кең таралған.
«Баланы өз денсаулығына мұқият қарауға үйретіңіз – оларға қағидаларды айтып, соларды сақтауға көмектесіңіз. Балалар жарық жерде оқып, жазуы, компьютер мен теледидар алдында көп отырмауы, көзін түрлі соққылардан, шаншулардан және жарақаттардан сақтауы, көзге күш салатын тапсырмаларды орындаған кезде көзге арналған жаттығуларды жасауы керек. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда көзілдірік киюден ұялмауы қажет», - делінген хабарламада.
Төртіншіден, оқушыларға қандай ауырлықты көтеріп жүру керектігін бақылаңыз. Барлық кітаптарды, қаламсауытты, дәптерлерді, ауыстыратын аяқ-киімді өлшеген кезде салмағы 3-5 келіні құрайды. Мұндай ауырлық балаға зиян келтірмеу үшін иықбауы кеңірек және қатты ортопедиялық арқашасы бар ыңғайлы сөмкені таңдаған жөн. Оқушының дұрыс дене мүсіні – тек сұлулығы ғана емес, сонымен қатар дұрыс денсаулығын көрсетеді.
«Бала күнделікті өмірінің айтарлықтай көп бөлігін мектеп партасында өткізеді. Сондықтан оқу орнының дұрыс жарақтануы өте маңызды. Отырған баланың қолы, аяқтары және арқасы сүйеніп отыруы тиіс. Орындықтың аяқтары баланың жіліншегінен ұзын болмауы тиіс. Аяқтары еденге тиюі қажет. Орындықтың арқалығында белі бүгілетіндей тірегі болуы керек. Иммунитетті нығайту үшін балаға күн сайын таза ауада қозғалмалы ойындар ойнап, спортпен айналысу қажет. Мықты және төзімді ағза ауруларға төтеп бере алады. Мектеп оқушыларына салынатын интеллектуалды жүктеме де үлкен. Баланың дұрыс тамақтануына, жасына сай дәрумендер мен микроэлементтерге бай азық-түлік жеуіне айрықша көңіл аудару қажет. Баланың ас үлесінен газдалған, құрамында қанты бар тәтті сусындарды және майлы тамақтар мен фаст-фудты алып тастаған дұрыс», - деп кеңес береді мамандар.