Маңғыстау облысында өлген қоқиқаздардың табылуына қатысты облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«24.04.2022 жылы Facebook әлеуметтік желісінде Бейнеу ауданына қарасты Сам құмында Қазақстанның Қызыл кітабына енген 5 бас қоқиқаздың (фламинго) өлген денелері құм арасында жатқаны түсірілген бейнежазба таралған. Қазіргі таңда, осы оқиға бойынша «Сам» мемлекеттік орман қорының инспекторлары жедел түрде барып, анықтау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен бірге, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Ақтөбе филиалының инспекторлары, Бейнеу аудандық ПБ-нің қызметкері Бейнеу ауданының аумағындағы Сам құмы және оған іргілес жатқан аумақтарды шолу жұмыстарын жүргізуде» делінген Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы таратқан хабарламада.
Ведомство бұл оқиғаға қатысты өз болжамын да жасаған.
«Соңғы кездерде, Маңғыстау облысының аумағында шаңды дауыл соғып, күн желді болып тұр. Жыл құстарының миграциясы Бейнеу ауданы аумағынан өтеді. Осындай қолайсыз ауа райында, құстардың миграциясы кезінде ішіндегі әлсіздері орта жолда қонып, әрі қарай солтүстік бағытқа ұша алмай, олардың өліміне әкелген болуы мүмкін. Бұл аумақта су көздері жоқ. Құстар табылған жағдайда, ветеринарлық дәрігерлер тарапынан тиісті сынамалар алу жұмыстары жүргізіледі» деп мәлімдейді табиғат қорғаушылары.