Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың өкімімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып Отарбаев Мәлік Нұржанұлы тағайындалды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәлік Нұржанұлы 1980 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысы, Ақжар ауылында туылған.
Еңбек жолын 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде стажер-зерттеуші болып бастаған.
2003 - 2016 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде аспирант, «Диалог» Еуразия-Қазақстан» журналының жауапты хатшысы, бас редакторы, бас үйлестірушісі, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қаламгер» журналының бас үйлестірушісі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі болып қызметтер атқарған.
2016 жылғы сәуір айынан Қазақстан Республикасы Түркия Республикасындағы елшілігінің Үшінші хатшысы лауазымын атқарып келді.
Сондай-ақ, айта кетсек Мәлік Нұржанұлы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, басқарма мүшесі және хатшысы. Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты. «Ақ Жайық» журналының Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың және «Жалын» журналының Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері.
Алғашқы кітабы – «Ойқазан» атты әдеби-философиялық ойтолғауы 2010 жылы жарық көрді. Бірқатар қазақ қаламгерлерін түрік тіліне тәржімалаған.
2017 жылы «Баянды бақ» атты пьесасы Атырау облыстық Махамбет атындағы драмалық театры сахналанды. Аталған спектакль ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандырылған көрмесі аясында М.Горький атындағы драмалық театрында қойылды. Түркияға арнайы шақырту алды.
Түркияда ай сайын шығатын «Кардеш калемлер» журналына Сүйінбай, Жамбыл, Б.Соқпақбаев, Ш.Мұртаза, О.Сүлейменов, Н.Оразалин, Р.Отарбаев сынды қазақ ақын-жазушыларының шығармашылықтары жөнінде материалдарды жинақтап, түрік тілінде жариялатқан.
Түрік тілінде жазған көркем әңгімелері шетелдік және республикалық баспасөз беттерінде жарық көрді. Әзербайжан, орыс, қырғыз тілдеріне аударылды.
Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Казахстан-Россия: литературный альманах» атты жинаққа «Бүржарған» атты әңгімесі енді (2016 ж.).
Қазақтың ақыны С.Аронұлының 200 жылдық мерейтолық медалімен, қырғыз композиторы Ж.Шералиевтің 100 жылдық естелік медалімен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталған.