04 қыр, 2018 сағат 11:52

Мақтарал ауданында тәжік мектебінде оқитын қыздар сабаққа жаппай хиджабпен келген (Видео)

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектепке оқугшылар діни киімдермен кіргізілмейтіні туралы соңғы сөзін айтқан болатын. Соған қарамастан Түркістан облысы Мақтарал ауданына қарасты Фирдоуси ауылындағы тәжік мектебінің оқушы қыздары мектепке жаппай хиджаб киіп келген. Мектеп қызметкерлері оларды ғимаратқа кіргізген жоқ.

Аталған сәт түсірілген видеоролик әлеуметтік желілерді шарлап жүр. Видеоны ата-аналардың бірі түсірген. Ол балалардың және өзінің құқығы аяққа тапталып жатқанын айтып, мектеп қызметкерінің өзін ұрғанын айтады. Алайда, видеороликте ешкімнің оған қол көтермегені анық көрініп тұр.

Айта кетерлігі, мектепке хиджаб киіп келген қыздардың саны өте көп. Олардың біразы ғимаратқа күшпен кірмек болған. Алайда, есік аузындағы күзет ешкімді ішке жібермеді. Видеокадрлардан хиджабқа оранған ондаған қыздың мектеп ауласында тұрғанын аңғаруға да болады.

sn.kz