Өткен аптада Мақтарал ауданы, Жетісай қаласы, аудандық орталық «Нұғман» мешітінің мәжіліс залында аудандық ішкі саясат бөлімі, денсаулық сақтау бөлімі, аудандық «Нұғман» мешітінің ұйымдастыруымен жиналыс болып өтті.
Мәжілісті Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамы Сыздықов Бекзат ашып беріп, келген қонақтарды таныстырып өтті. Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудандық орталық ауруханасының бас педиатры Уалиева Сақыпжамал жиналысқа қатысушы имам- молдаларға шексіз алғысын білдіріп, қазіргі таңда көптеген сұрақтарды тудырып жүрген екпе егу (вакцина) жайлы сөз қозғады.
Екпе егудің адам денсаулығына пайдалылығын, сонымен қатар сырттан келетін вирустарға тойтарыс беру үшін, дүниеге келген сәбидің денсаулығына да байланысты екпе егу қажеттілігін түсіндірді. Ары қарай сөз алған Мақтарал адуандық қоғамдық денсаулық сақтау мекемесінің қызметкерлері профилактикалық жұмыспен парақшалар таратты.
Сонымен қатар сөз алған аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамы Сыздықов Бекзат келген мамандарға: қазіргі таңда осы екпе (вакцина) жайлы бірнеше ғаламтор желілерінде ақпарат тарап жатыр. Сол ақпаратты таратушылар қандай дәлелге сүйеніп айтып жатыр?- деп сұрақ қойды. Уалиева Сақыпжамал ол желідегі таратылған материалдардың баршасы жалған және дәлел- дәйексіз екендігін айтып, жоққа шығарды.
Жиналыс соңында Бекзат Оқапұлы келген қонақтардың түсіндірме жұмыстары жоғары деңгейде өткендігін айтып, алғыс білдірді.
Айта кетсек, аталмыш құлшылық үйінің атауы - Имам Ағзам Әбу Ханифаның құрметіне «Нұғман» делінген. Жер көлемі 5 гектар жерді құрайды. Жалпы, құлшылық үйінде бір мезетте 1 мың адам намаз оқи алады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан мешіттің 4 мұнарасы бар. Алла үйінің құрылыс сәулеті ұлттық нақышпен тұрғызылған. Мешіттің конференция залы, кітапханасы, екі дәрісханасы, бір үлкен әйелдер залы, неке және имамдар бөлмесі бар.