13 жел, 2018 сағат 20:33

Мақтааралда су тасқыны жағдайының алдын алу бойынша жиын өтті



Бүгін Мақтаарал ауданында аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков төрағалық еткен жиынның күн тәртібінде аудандағы егістік алқаптардың қысқы сор шаю кезеңіне дайындығы мен қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Ең бірінші сөз алған «Қазсушар» РМК Мақтаарал бөлімшесінің басшысы Ш.Омаров кең көлемде баяндама жасады.

«Мақтаарал ауданы аумағынан өтетін «Достық» магистралды каналынан ағынды суларды негізгі каналдардың гидротехникалық имараттар арқылы апатсыз өткізу, су шаруашылығы имараттарында апатты жағдайлардың алдын алу іс-шаралары жүргізілуде. «Достық» каналы бөлігінен ағын суларды апатсыз және қауіпсіз өткізу, су басу қаупі мүмкін елді мекендер аумағында, су шаруашылығы нысандарында олардың алдын алу үшін бақылау бекеттерін ұйымдастыру бойынша жауапты мамандар бекітіліп, кезекшілік ұйымдастырылуда. Каналдың өндірістік штатында 56 адам қызмет атқарып, 4 бөлімде диспечерлік кезекшілік жүргізілуде. Биылғы жылға «Достық» каналына республикалық бюджеттен құрылыс жөндеу жұмыстарына 38 млн. теңге жұмсалып, 24,5 шақырым су арналары механикалық тазалаудан өтіп, гидротехникалық құрылымдар мен дамбалар жөндеуден өткізілді» - деді Ш.Омаров.

Жиын барысында сөз алған ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы У.Мырзамданов егістік алқаптарды қысқы сор шаю кезеңінде шаруалар ескеруі тиіс арнайы ережелерді атап өтті. Оның айтуынша егістік алқаптарды сор шаю кезеңінде пал алуды дұрыс ұйымдастырып, судың берілу мөлшерін қатаң қадағаласа – ешқандай олқылық орын алмайды екен.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков су тасқыны жағдайының алдын алу бойынша жұмыстарды тоқтатпау керектігін айтып, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында қыс-көктем айларындағы су тасқыны жағдайына қарсы тиісті апаттық материалдар қоры құрылған. Су шаруашылығы нысандарының техникалық жай күйіне, су арналарының жағдайына зерттеулер жүргізіліп, тиісті жұмыстар жасалған.