19 қар, 2018 сағат 17:16

Мақтааралда мыңға жуық шабандоз қатысқан көкпар өтті

Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойының үшінші күні ұлтымыздың ұлттық ойыны – көкпарға ұласты. Аудан кәсіпкерлері мен спорт жанашырларының демеушілігімен өткен сайысқа ҚР Көкпар федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбеков арнайы қатысты.

Жігіттердің батылдығы мен ептілігі, күш-жігері мен төзімділігі сынға түсетін көкпар ойыны - атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылығымыз. Ықылым заманнан бері қанымызға сіңген қасиетімізді дәріптеу мақсатында өткен Мақтаарал ауданының 90 жылдығына арналған көкпарға көршілес Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысының барлық аудандарынан мыңға тарта көкпаршы қатысты. Аталмыш шараға ҚР Көкпар федерациясының президенті, Мырзашөл топырағының түлегі Мұхтархан Ділдәбеков те арнайы қатысып, шабандоздарға сәттілік тілеп, мерекелерімен құттықтады.

«Аталмыш көкпардың ерекшелігі мұнда топ жарып жүрген аға буын өкілдеріне қарағанда жас шабандоздар қарасы басым және бұл көкпар командалық емес, әрбір шабандоздың білегінің күші мен тақымының мықтылығы сынға түсетін көкпар. Ондағы мақсат – өскелең ұрпақтардың арасында ат спортына деген қызығушылықты арттыра отырып, бұқаралық спортты дамыту. Облыс, республикалық деңгейдегі көкпар біріншіліктеріне жастардың дайындалуына мүмкіндіктер жасау», - дейді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов.

Әлемдік деңгейде мойындалған қазақтың көкпар ойынына жиналған елдің де қарасы қалың болды. Көнекөз қариялар ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, жастар арасында достық пен бірлікті нығайту мақсатында көкпар ойынының шығу және даму тарихы жайында жастарға ғибратты әңгімелерін айтты.

Көкпар соңында салым салған шабандоздармен қатар ойын барысында ептілігімен көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленген құрыш білекті жігіттер, бабы мен бағы қатар шапқан сәйгүлік аттар да ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы номинацияларға ие болды.

ERNUR.KZ