13 там, 2019 сағат 16:28

Мақтаарал диқандары қауын-қарбыздарын шетелге экспорттауда

Жыл сайын маусым айында Мақтаралдан күніне 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көлігі ТМД, Прибалтика, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады. Биыл аудан шаруалары 10 мың гектарға қауын, 1500 гектардан аса жерге қарбыз еккен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұрыннан балдай тәттілігімен, ерекше үлкендігімен танымал болған «Мырзашөл» қауынын экспортқа ыңғайластырып, бүгінде облыстағы бірнеше ауданның диқандары жаппай егіп жатқан «Жиенбет», «Валеть» сияқты т.б. қауынның сорттарын жасап шығарды.

Жаңа сорттардың дәмі тіл үйіреді және тасымалдауға төзімді, яғни ұзақ жолға бейімделген. Көлемі де ыңғайлы, бір қорапқа 6-7 қауын сыяды. Жаңа сорттардың арқасында соңғы жылдары диқандар үлкен табыс тауып, Ресей мен Еуропаның бірнеше елінің нарығына кіріп отыр.

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толған. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қонақ үй, дәмхана, автотұрақ, бассейн кешені мен қосалқы бөлшек дүкенінің қызметтері қарастырылған. Алдағы уақытта көкөніс сақтау қоймасы да іске қосылады.

Осылайша қауын-қарбыз бизнесі Мақтаарал ауданында тұтас бір индустрияның дамуына жол ашып отыр.