14 желтоқсан күні Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі болып өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық дербес бөлім басшылары мен кенттер, ауылдық округтердің әкімдері, құқық қорғау органдары мен коммуналдық мекемелердің басшылары қатысты.
Күн тәртібінде Мақтаарал ауданының 2018 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2016-2020 жылдарға арналған Даму бағдарламасы индикаторларының орындалуы, ауыл шаруашылығы мәселелері, жылыту маусымының іске асырылу барысы және елді мекендердің ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамтылу жағдайы туралы мәселелер қаралды.
Жиын барысында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.Тасов, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы У.Мырзамдамов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Полатов өз салалары бойынша баяндама жасады.
Жарыс сөзге шыққан аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы М.Сәрсенов күн тәртібіндегі үшінші және төртінші мәселелерге бөлім тарапынан жасалған зерделеу жұмыстарының нәтижесін жариялады. Атап айтқанда, жылыту маусымының іске асырылуындағы кейбір олқылықтар мен тұрғындарды ауыз сумен қамтудағы санитарлық тазалықтың төмендігін фото суреттер арқылы көрсетіп берді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Б.Асанов индикаторлардың орындалуы бойынша төмен нәтиже көрсеткен бөлім басшылары мен аулыдық округ әкімдеріне тәртіптік шара көру туралы ұсыныс дайындауға тапсырма берді. Сондай-ақ, өңір басшысы жиында айтылған кемшіліктер бойынша жауапты мекеме басшыларын сұрақтың астына алып, кемшіліктерді тез арада түзету үшін нақты жұмыстар көрсету керектігін ескертті.
14 жел, 2018 сағат 20:29