Мақсат Үсенов қамауға алынды. «Мистер Х6» атанған Үсенов «Алматы-Бангкок» рейсінде бұзақылық жасады деп айыпталып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Махамбетов хабарлады.
«Алматы қаласының әкімшілік сотына Мақсат Үсеновке қатысты іс түсті. Анықталғандай, Алматы-Бангкок бағытындағы 931-рейстің орындалуы барысында Үсенов ұшақ бортындағы тәртіп ережелерін бұзған. Сондай-ақ оқиғаға куә болғандардың сөзіне қарағанда, Үсенов бейпіл сөз айтып, экипаждың ұшу қауіпсіздігіне қатысты талаптарын орындаудан бас тартқан және өз тәртібімен жолаушыларға ыңғайсыздық туғызған. Сот отырысында Үсенов кінәсын ішінара мойындады. ҚР Әкімшілік кодексінің 334-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған Мақсат Үсеновке қатысты сот үкімімен 10 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп атап өтті Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбетов.
Сонымен қатар, бүгін Алматы әуежайы Ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері Үсеновке қатысты ҚР ӘК-нің 566-бабы бойынша хаттама толтырып, оған 3 АЕК көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы ҚР Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Айта кету керек, Мақсат Үсенов 2013 жылы желтоқсанда Алматыда бірнеше адамды көлігімен қағып өткен болатын. Салдарынан бір адам қаза болды. Тараптардың ымыраға келуіне байланысты Үсенов қамаудан босатылып, оған Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша жарты миллион теңге сомасына айыппұл ғана салынды. Осы оқиғадан соң «Мистер Х6» атанған Үсенов жол ережесін бірнеше рет қайта бұзды.
Жақында Мақсат Үсенов 160 мыңға жуық салықтық қарызы болса да, Алматыдан Бангкокке ұшып кеткені хабарланған еді.
Кейін ҚР Әділет министрлігі берешегі бар азаматтың қалай шетел асқаны туралы түсініктеме берді.
Мақсат Үсенов 8 маусымда 178000 теңге көлеміндегі қарызын өтеді. Ал кеше Алматыда ұлттық әуетасымалдаушы компанияның президенті Питер Фостердің төрағалығымен «Эйр Астана» авиакомпаниясының Ұшулар қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің отырысы өтіп, онда Мақсат Үсеновтің Алматы-Бангкок ұшағының бортындағы бұзақы əрекеті талқыланды. Нәтижесінде Үсенов «Эйр Астана» компаниясының «сұр тізіміне» енгізілді.