Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирус инфекциясы бойынша санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі өңірлік штаб комиссиясының отырысын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыс көлемінде атқарылып жатқан қауіпсіздік шаралары, бұған дейін берілген тиісті тапсырмалардың орындалу барысы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов баяндады.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты ресми түрде (індет) пандемия деп жариялады. Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бірқатар нақты тапсырма берген еді. Сондықтан, облысымызда да сақтық шараларын арттыру үшін біраз іс-шараға тыйым саламын. Бұған баршаңыз түсіністікпен қарайды деп сенемін», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Әкім тыйым салынған бірнеше шараны айтты.
«Біріншіден, 13 наурыздан бастап барлық көпшілік іс-шаралар, соның ішінде мерекелік, мәдени-көпшілік, спорттық шаралар, кинотеатрларда көрсетілім, конференциялар, семинарлар мен көрмелер өткізу тоқтатылсын.
Екіншіден, барлық қоғамдық орындар, денсаулық сақтау, білім беру, халыққа қызмет көрсету орталықтары, халық көп жиналатын орындар, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар, сауда үйлері, вокзал, әуежайлар, қонақүйлер күшейтілген санитарлық - дезинфекциялық режімге көшірілсін.
Үшіншіден, каникул кезінде оқушылардың өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауына тыйым салынсын.
Төртіншіден, қоғамдық көліктер тазаланып, дезинфекциялаудан өткізілсін.
Бесіншіден, орта білім беру ұйымдарының каникулға 2020 жылдың 16 наурызынан 5 сәуір аралығында шығуы қамтамасыз етілсін. 16 наурыздан бастап колледж және жоғары оқу орындары қашықтықтан оқытуға, соның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге ауыстырылсын.
Алтыншыдан, 1а, 1б, 2-3 санаттағы елдерде өтетін халықаралық спорттық, мәдени және туристтік іс-шараларға баруға тыйым салынсын», -деп атап өтті өңір басшысы.