Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев халықты электр энергиясы мен суды үнемдеп, полиэтилен пакеттерін пайдалануды азайтуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экологиялық мәдениет пен тәрбиелеуді қалыптастыру мәселесі біз үшін басым бағыт. Былтыр министрлік «Бірге. Таза Қазақстан», «Бірге. Жасыл Қазақстан» экологиялық акциялары бойынша бастаманы көтерген болатын. Осы шараларға 560 мыңнан астам адам қатысып, 340 мың тонна қоқыс жиналып, 1 млн астам ағаш отырғызылды», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ өткен халыққа есеп беру кездесуінде.
Сонымен қатар, министр биылғы Волонтерлер жылы аясында «Birgemiz: Taza Alem» жалпы ұлттық жобасы шеңберінде қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаштар отырғызу және қоқыстарды сұрыптауға үйрету бойынша іс-шаралары жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Ақпан айында эко-белсенділердің алғашқы республикалық слетін өткіздік. Бүкіл ел бойынша экологиялық бастамаларды үйлестіру және ілгерілету үшін әрбір өңірде эко-амбассадорлар анықталды. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласынан 10 сынып оқушысы Аружан Сахариянова өз құрдастары мен ересектер арасында Zero waste ағымының идеяларын белсенді насихаттауда. Алматы қаласынан Салтанат Тәшимова Жасыл комиссия, ағашты заңсыз кесу тобын құру бастамашысы және тағы басқаларды айтуға болады», - деді ол.
Мағзұм Мырзағалиев егер халықтың 5 пайызы күнделікті өмірде экологияға саналы түрде қараса, онда бүкіл халыққа экологиялық мәдениет пен сананы сіңіруге болатынын сенім білдірді.
«Мен еліміздің әрбір тұрғынын үй қоқыстарын сұрыптаудан бастап, электр энергиясы мен суды үнемдеуге, полиэтилен пакеттерін пайдалануды азайтуға және қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырамын», - деп түйді министр.