Биыл қазақтың ақиық ақыны, бес арыстың бiрi, Алаш қайраткерi, жерлесiмiз ұлы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толады. Осы мерейтойға дайындық барысы облыстық СҚО әкiмдiгiнiң отырысында қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
СҚО тiлдердi дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспановтың айтуынша, қазiргi таңда ақынның мерейтойын атап өту концепциясы жасалды, оның аясында 250 iс-шара өткiзу жоспарланған. Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын мерекелеудiң басты мақсаты: ақынның шығармашылық мұрасын насихаттау, туған жерге, өңiр тарихына деген сүйiспеншiлiктi арттыру, жас ұрпақты патриотизмге баулу, ұлы тұлғаның атын мәңгi есте қалдыру.
Өңiр басшысы Құмар Ақсақалов ТҮРКСОЙ басшылығымен ақылдаса отыра ақиық ақынның мерейтойын ұйымға кiретiн елдерде өткiзу туралы шешiм қабылданғанын мәлiмдедi. Түркi әлемiнде 2018 жыл «Мағжан Жұмабаев жылы» болып жариялануына байланысты ақпан айында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен түркi әлемiнiң мәдени астанасы аталған Кастамону және Анкара қалаларында бастау алады. Оған СҚО-нан делегация қатысады. Iс-шаралар Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстары және Астана қаласында да аталып өтiледi.
Облыста ақынның туған күнi 25 маусым қарсаңында «Мағжан көктемi» V Республикалық өнер фестивалi, Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ базасында Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-практикалық конференция, жалпы бiлiм беретiн мектеп оқушылары арасында Республикалық Мағжан оқулары өткiзiледi. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының теңге сарайына тапсырыс беру арқылы мерейтойлық медаль мен монета, сонымен қатар Мағжан Жұмабаевтың өмiрi мен шығармашылығына арналған 2 томдық кiтап шығару жоспарланып отыр.
«Бiз ең алдымен Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына көп көңiл бөлуiмiз қажет. Ақынның жарыққа шықпаған өлең жинақтарын жариялау қажет. Халық көрмеген, естiмеген, бiлмеген өлең жинақтары мерейтойда баспадан шығуы тиiс. Мерейтойдың орталығы Мағжан ауданда болады, дегенмен, басқа аудандарда да iс-шаралар өткiзу керек», — дедi Құмар Ақсақалов.