ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мадина Абылқасымова шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, басты басымдық ШОБ субъектілерінің несие алуға мүмкіндігін арттыру болып отыр.
«Ұлттық банк Агенттікпен біріге отырып ШОБ субъектілерін қолдау мақсатында биыл наурызда айналым капиталын толықтыруға жеңілдікпен несие беру бағдарламасын ашты. Осы бағдарлама аясында ШОБ субъектілерін несиелендіруге 8% пайыздық мөлшерлемемен 600 млрд теңге қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ірі кәсіпкерлік нысандарын қолдауға тағы 200 млрд теңге бөлінді. Бүгінде жалпы сомасы 448,9 млрд теңге болатын 4361 несие берілді», - деді Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2025» аясында несие мөлшері 2,5 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге өскен.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазан айынан бастап пандемияның кесірінен тұралап қалған саладағы ШОБ субьектілері несиесінің 6 пайызына субсидия қарастырылған», - деді Мәдина Әбілқасымова.
Жалпы мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсіпкерлерге биыл құны 1 млрд теңге болатын 8,5 мың несие берілді.
«Бұл шаралар экономикалық белсенділік тоқтаған кезде несиелендіру көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Сәуір-шілде айларында несиелендіру қарқыны төмен болса, тамыз айынан бастап көрсеткіш көтеріле бастады. 2020 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес экономиканы несиелендіру 3,5%-ға өсті», - деді Агенттік басшысы.
Сонымен қатар, Ұлттық банк, Қаржылық нарықты реттеу мен дамыту агенттігі, ҚР Үкіметі тарапынан қарыз жүктемесін азайту мақсатында кейбір несиелерді төлеу уақыты ұзартылды.
ТЖ кезінде 16 наурыздан 1 қазанға дейін 13 мың ШОБ субьектісі, 1,9 млн азаматтың несиені төлеуі кейінге қалдырылды.