Қандай жаңа фильм шықты? Қай кинотеатрдан көре аламыз? Уақыты мен бағасы ше? Бәрін қазір интернет арқылы білуге болады.
Өкінішке қарай, бізге көрсетілетін фильмдердің көпшілігі ұлттық менталитетімізге кереғар келіп жатады. Анайы көріністер мен зорлық-зомбылықтарды кез келген фильмнен, соңғы кездері тіпті мультфильмдерден де кезіктіреміз. Осылайша, ол фильмдер ұлттық намысымызға тигені аздай, Мәдениет туралы заңымызға да бағынбай отыр.
Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Мәдениет туралы заңның 28-бабында Уәкілетті органның «Фильмнің мазмұны Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, ұлттық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған жағдайда, бас тартуы мүмкін» деп жазылған. Алайда осы тармақты уәкілетті органның өзі ескеріп жатқан жоқ. Мәдениет министрлігі неге сол фильмдерді сараламайды, неге сүзгіден өткізбейді?
Жыл басынан бастап еліміздің кинотеатрларында 261 фильм көрсетілді. Қаңтарда – 31, ақпанда – 44, наурызда – 32, сәуірде – 39, мамырда – 21, маусымда – 20, шілдеде – 22, тамызда – 18, қыркүйекте – 34 фильм көрерменге ұсынылды. Осы 261 фильмнің қай-қайсысында да қинау мен азаптаудың сан түрі бар. Арасында ұлттық менталитетімізге қайшы келетін бетпақтық, көргенсіздік, зинақорлық, арсыздықты көрсететіндері де жоқ емес. Ар-намысыңды, діни сеніміңді қорлайтын, ұлттық, рулық, нәсілдік араздық тудыратын, эротикалық сипаттағы, жағымсыз әсер қалдыратындары да жетіп артылады. Алайда бәріне көз жұмып қарап отырмыз. Бәрі де біздің кинотеатрлардың экранынан еш кедергісіз өтіп жатыр.
Әрине, бізде эротикалық сипаттағы фильмдерді көрсетпеу не фильмнен қиып тастау туралы белгіленген заң жоқ. Дегенмен Мәдениет туралы заңның 28-3-бабында Қазақстанға прокаттау және көпшілікке демонстрациялау мақсатымен әкелінген фильмдердің жас шегіне қарай индекстелетіні жазылған. Осында «Телеарналарда (шетелдік телеарналарды қоспағанда) «Е 18» индексті фильм – жергiлiктi уақытпен сағат 22-ден кейін таңғы сағат 06-ға дейiн, «НА» индексті фильм жергiлiктi уақытпен сағат нөлден таңғы сағат 06-ға дейiн көрсетуге жол берiледi» деген тармақ бар. Осы тармақты телеарналар ғана емес, кинотеатрлар да неге басшылыққа алмасқа? «Е 18» индексті фильмдерді қазір кинотеатрлар тапа-тал түсте көрсетеді. Дәлел ретінде айтсақ, 18 жасқа толған көрермендерге арнап шығарылған Грег Тирнан мен Конрад Вернонның «Полный расколбас» (Sausage Party) мультфильмін Алматыдағы StarCinema, Цезарь 3D, Chaplin MEGA Park кинотеатрлары түс кезінде көрсетуде. Фильмдегі «Е 18» деген белгіні ескеріп жатқан бала да, ата-ана да жоқ. Ең болмаса кинотеатр қызметкерлерінің біреуі фильмнің не туралы екенін айтып, балалардың көруіне рұқсат етілмейтінін ескертіп қойса болар еді ғой. Ол да жоқ.
«Полный расколбас» – Құдай атқан мультфильм. Бұрын мультфильм дегенді балалар ғана көруші еді. Қазір ересектерге арналған мультфильмдер деген шықты. Бәрінің көрсететіні – сол әуейілік. Сахнадан сән кеткен соң мультфильмнен мән кетті.
«Полный расколбасты» неге Құдай атқан фильм деп отырмыз. Себебі атеизмді насихаттайды. Адамды Құдайға телу арқылы, Жаратушыны әділетсіз, арсыз, қаныпезер етіп көрсетеді. Мұндағы Құдай – адам. Ал тіршілік иелері – кәдімгі азық-түліктер. Адам азық-түлікті жеу арқылы, тіршілік иелерін қынадай қырады. Сонда бұл мультфильмнің көксегені не? Адам тамақ жемесін дей ме?
Рас, Pixar студиясы өзі шығарған біраз мультфильмде жансыздарға жан бітірді.«В поисках Немо», «В поисках Дори» мультиктерінде балықтар сөйлейді. Балықтар арқылы адам бойындағы кейбір қасиеттерді сынайды.
«Тачкиде» – көліктер, «Рататуйда» – тышқандар, «Головоломкада» – адамның бойындағы сезімдері сырласады. «История игрушек» ойыншықтарды тірілту арқылы, жас балаға ойыншықпен ұқыптап ойнау, оны бұзбау керектігін шегелеп түсіндіреді. Осы «История игрушектің» айтары мол еді. Ойыншықтарға жан бітіп, олар бір-бірімен тілдеседі. Сотқар баланың ойыншықтары «иесінен» қашады. Жаман баланың қолына түсуден қорқады. Жақсы баланың қолына жетуге асығады. «Полный расколбас» та дәл осы «История игрушекке» ұқсайды. Тек мұнда ойыншықтардың орнында – азық-түліктер.
«Полный расколбастағы» сосиска мен булочканың махаббатын айтсаңшы. Екеуі төсектес болуды армандайды. Және сол армандарына жетеді. Жейтін тағамдарымыздың жыныстық қатынасқа түскені қандай жиіркенішті еді! Мұндағы сорақылықты бұрын ешбір мультфильмнен кезіктірмеппін. Картоп қабығын аршығанда бажылдап жылайды, қандай аянышты! Мына көрініске көзайым болып отырған бала ертең тамақ жеуден қалмай ма?
Мультфильмде халал тағамдарды гейлер, бисексуалдар етіп бейнелейді. Гомосексуализм, фашизм, зорлық-зомбылықтың ашық насихаты көзге ұрып тұр. Ішімдіктер, есірткілер ашықтан-ашық жарнамаланады. Содан ләззат алады. Соны тұтынуға үндейді. Азаматтардың діни көзқарасын мансұқтау да осында. Исламға да, иудаизмге де, христианға да күйе жағады. Ұлттық араздықтың да неше атасын осы мультфильмнен кезіктіресің. Немістерді, еврейлерді, арабтарды арзан әзілмен қамшының астына алып отыр. Лавашты «Карим Абдул-Лаваш» деп атауының өзі-ақ түсінікті емес пе? Осы арабтың лавашы мен еврейдің пончигі бір бірін өлердей жек көреді. Көз алдыңа бірден Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс келеді. Сонда біздің заңымызда жазылған «ұлттық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған жағдайда бас тартуы мүмкін» деген бап қайда қалды? Мәдениет министрлігі не үшін мұндай мультфильмге прокаттау куәлігін берді? Әлде министрлікте прокаттауға ұсынылатын шетелдік өнімдерді қадағалап, сұрыптайтын арнайы адам жоқ па?
Мультфильмде адамның басын қатыратын да тұстар көп. Кейіпкерлері өздері азық-түліктер бола тұра, азық-түлікпен тамақтанады. Ал адамдар бұлармен тамақтана бастаған кезде, дүрбелең басталып кетеді. Сонда қалай болғаны? Голливудтың идеясы сарқылғаны ма?
Мәдениет туралы заңның «Фильмге прокаттау куәлігін беру» туралы 28-2-бабының 5-тармағында «шетелдік фильмдерге қарағанда ұлттық фильмдерді шығаруға, олардың таралымын көбейтуге және прокаттауға басым жағдайлар жасау» қажеттілігі айтылған. Қазір кинотеатрларда ұлттық фильмдердің қатары бұрынғыдан сәл де болса көбейгенін жоққа шығармаймыз. Алайда бізге сырттан келетін шетелдік фильмдердің көптігі соншалық, өзiмiздiкiнiң үлесі теңізге тамған тамшыдай ғана болып тұр.
Тағы бір мәселе, фильмдердің прокаттау тіліне байланысты. Мәдениет туралы заңның 28-4-бабында «Шетел телеарналарынан ретрансляцияланған фильмдерді қоспағанда, прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуға тиiс» делінген. Ішінара кейбір фильмдердің қазақшаға аударылғаны болмаса, бұл баптың да орындалуы кейінге ығыстырылып жатыр.
Өткенде Парламентте Мәжіліс депутаттары, министрліктердің өкілдері, қоғамдық белсенділер мен саясаткерлер қатысуымен Мәдениет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар жобасы талқыланды. Сол кезде дәл осы 28-4 бапқа қатысты түсінбеушілік туды. Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов заңдағы «барлық» деген сөзді мүлдем алып тастауды ұсынды. Оған әріптесі Нұртай Сабильянов қарсы болды. Сауытбек Абдрахмановтың айтуынша, шетелден келетін фильмдердің арасында қазақтың ұлттық менталитетіне сай келмейтін зиянды фильмдер бар. Сондықтан, қазақ халқына пайдалы фильмдерді ғана қазақ тіліне дубляждау керектігін айтты. Ағаның айтқаны рас, жоғарыда мысалға келтірген «Полный расколбасты» қазақшалағаннан не ұтамыз? Оның тіпті орысшасын да көрсетудің қажеті жоқ. Болмаса, басқа елдердегідей фильмнің өрескел тұстарын қиып тастап, не дауысын жасырып, неге монтаждап жібермеске? Неге бізге дәл осы прокаттау мәселесінде көркемдік кеңес құрмасқа? Сол кеңес киноны бастан-аяқ көріп шыққаннан кейін барып пікірін айтса. Осылайша, шетелдің ұлтымызға, дінімізге жат өнімдеріне неге тосқауыл салмасқа? Уәкілетті орган бұған қатысты не айтады екен?
Серікбол Хасан,
"Айқын" газеті