LRT жобасының «Астана банкінде» қалып қойған қаражатын қайтару жұмысы жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Астана банкінен» қаражатты қайтару мәселесі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ, бұл бір күндік шаруа емес. Онда жер учаскесі, ғимарат, көліктер бар. Жалпы, жыл қорытындысында біз бұл істің нәтижесін айтамыз. Бұл дүние-мүліктің барлығын сот арқылы тәркілеп, сату қажет. Бұл мәселе біздің бақылауымызда тұр», - деді елорда әкімі БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол LRT жобасы аяқталғаннан кейін жолақы қандай болуы мүмкін екенін айтты.
«Бүкіл әлемде қоғамдық көлік субсидияланады. Билет құны қанша болатынына қатысты әзірше есептеу жүргізілген жоқ. Салып біткеннен кейін барлық есеп түсінікті болады», - деді Алтай Көлгінов.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі LRT құрылысын оңтайлаудың нәтижесінде шамамен 1,2 млрд доллар қаражат үнемделгенін айтқан болатын.