16 сәу, 2019 сағат 11:45

ЛРТ-ның құрылысы уақытша тоқтатылды - Бақыт Сұлтанов

Елорданың әкімі Бақыт Сұлтанов негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуіне себепші факторларды атады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, инвестициялардың көлемі екі есеге төмендеп отыр. Бұның негізгі себебі - құрылыс саласындағы көрсеткіштердің төмендеуі. Құрылыс жұмыстары 43 процентке, ал тұрғын үйлерді тапсыру 35 процентке төмендеп отыр. Себебі былтыр ірі жобалар аяқталған болатын. Оның ішінде Халықаралық қаржы орталығын орналастыру үшін ЭКСПО павильондарын реконструкциялауға жұмсалған 20 миллиард теңге бар. Биыл ондай ірі жобалар жоқ», - деді Б.Сұлтанов Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Оның айтуынша, соңғы екі жылда елордада 12 ірі нысан пайдалануға берілсе, биыл тек 4 ірі жоба ғана қолға алынып отыр.

«Бірақ оның ішінде ЛРТ желісінің құрылысын тоқтата тұруға байланысты ол да өзінің әсерін беріп отыр. Қазіргі кезде біз Үкімет пен Ұлттық банкпен бірге бұл мәселені ішкі көздерден қаржыландыруды пысықтаудамыз. Сонымен қатар, қаланың инвестициялық жобаларын республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 198 миллиард теңгеден 115 миллиард теңгеге дейін төмендеуі де өз әсерін беріп отыр», - деп атап көрсетті Б.Сұлтанов. 

Сондай-ақ, елорда әкімі құрылыс жұмыстарының төмендеуіне себеп болған мәселелерді атады.

Әкімнің айтуынша, жыл басынан бері 495 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтыр осы уақытта 763 мың шаршы метр салынған.

«Бұның біраз обьективті себептері бар. Себебі өткен жылдары құрылысшылар өз нысандарын бос жерлерде салған болатын. Қазір жерді саяжайлардан босату және тағы басқа жұмыстар көп. Биыл Мыңжылдық аллеясындағы барлық саяжайды бұзамыз. Қазір жаңа жерлерді босатып, құрылыс жұмыстарын пысықтап отырмыз. Біз жыл соңына дейін 1,7 миллион шаршы метр тұрғын үйді қосуды жоспарлаған болатынбыз. Бірақ қосымша жұмыстың арқасында шамамен 2 миллион шаршы метрді пайдалануға береміз деген жоспар бар», - деді  онлайн режимде есеп берген Сұлтанов.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Себебі бірқатар аймақтарда аталған көрсеткіштер төмендеп отыр. Олардың ішінде Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы бар.

«Негізгі көрсеткіштер бойынша бірінші тоқсанда Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Павлодар мен Қызылорда облыстары жақсы нәтижеге жетті. Сонымен қатар, Ақмола облысында және елордада құрылыс пен инвестициялар бойынша көрсеткіштер төмендеп кеткен. Осы бағыттағы жұмыстардың нашар деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтемін», - деді А.Мамин.