Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Парламент кулуарында БАҚ өкілдеріне мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«LRT жұмысы міне, қыркүйек айында басталады. Бірінші траншпен бюджеттен 20 млрд теңге бөлінді. Бірақ ол жеткіліксіз. Себебі егер тұтастай алатын болсақ, қазіргі уақытта 1 млрд долларға жуық қаражат жұмсалды. Оның өз міндеттемелері бар. Себебі Қытаймен келісімшарттарға қол қойылған. Ол жерде мемлекеттің өзінің міндеті бар. Біз келісімшартты бұзатын болсақ, онда арбитражда соттасып, біз ұтылып қаламыз», - деді Алтай Көлгінов.
Әкімнің мәліметі бойынша, Қытай тарабы өз міндеттемелерін орындап отыр. Қаражат тоқтатылғаннан кейін жұмыс тоқтап қалған.
«Қазір біз көктемде, күзде бюджеттен 3,5 млрд теңге көлемінде банктерге проценттерімен қайтарып отырмыз. Бәрібір мемлекеттің қалтасына салмақ түседі. Сондықтан, бюджеттен бөлеміз деп шешім қабылдадық. Құрылысты аяқтау үшін қазіргі есеппен 570 млн доллар керек», - деді астана әкімі.