Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке, "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданға және олардың сыбайластарына қатысты қылмыстық істі зерделеу аяқталды. Айыптау актілерін бекіту туралы шешім қабылданды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасына сілтеме жасап.
Бүгінде қылмыстық іс жүргізу кодексінің (ҚІЖК) 304-бабы тәртібінде айыптау актілері қылмыстық процестің барлық қатысушысына, оның ішінде айыпталушылардың қорғаушылары Сұлтанбеков пен Арданға қол қойылып берілген.
"Сұлтанбеков пен Ардан шетелде жасырынып, келуден жалтарып жүр, осыған байланысты прокуратура ҚІЖК - нің 304-бабының 2-бөлігін басшылыққа ала отырып, оларға қатысты қылмыстық істің сотқа жіберілгені туралы осы хабарламаны жариялайды", - деді қадағалау ведомствосы өкілдері.
Бұған дейін прокуратура ҚІЖК талаптарына сәйкес қазақстандық және шетелдік БАҚ-та жарияланымдарды орналастыру арқылы Сұлтанбеков пен Арданға жауап алуға келу және олардың іс-әрекеттерінің біліктілігі туралы қаулыны жариялау қажет екені туралы хабарлаған болатын.
Алайда, прокуратура мәліметінше, белгіленген уақытта Сұлтанбеков пен Ардан келмеген және неліктен келмегендері туралы хабардар етпеген.