23 мау, 2022 сағат 10:55

LRT ісі: депутат бас прокурордың жауабын жария ете алмайтынын айтты


Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов бас прокурордан Нұр-Сұлтандағы LRT ісіне қатысты тергеудің егжей-тегжейін алды. Алайда оның айтуынша, құжат жария етілмейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та. Елордада LRT салу кезінде қаржы жымқыру дерегі бойынша Сұлтанбековке халықаралық іздеу жарияланып, Интерпол тізіміне енгізілген. Құқық қорғау органдары оны ұстау және экстрадициялау туралы АҚШ үкіметімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Сұлтанбековтің өзі Facebook-те қылмыстық істің кейбір жай-жапсары жайында белсенді жазып отырады.

Бұған дейін іздеуде жүрген экс-шенеунік әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұловқа жүгінген болатын. Ол LRT ісін тергеу, ұрланған қаражатты қайтару мәселесін бірнеше рет көтерген болатын.

"Мен тағы да бас прокурор Берік Асыловқа жүгіндім. Халықаралық іздеуде жүрген Сұлтанбеков Facebook-те оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, өз ұстанымын анық айтқанын жеткіздім. Мен Сұлтанбеков келтірген дәлелдерді тексеріп, BRT (Bus Rapid Transit - жүрдек автобус көлігі - еск.) және LRT бойынша бөлек қылмыстық істің барысы туралы толық ақпарат беруді сұрадым.

Жауап алдым, бірақ өкінішке қарай, оны жариялай алмаймын, өйткені жауап ҚПҮ түрінде келді - қызметтік пайдалану үшін. Қысқаша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Сұлтанбеков пен басқа да сотталушыларға қатысты қылмыстық істі тергегенін айта аламын. Тергеу деректері бойынша, айтылған тұлғалар 2016 жылға дейін, 2012-2015 жылдар аралығында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңінде де ақша ұрлаған", - деді депутат Раманқұлов сұхбатында.

Депутаттың айтуынша, іздеуде жүргендер өзін кінәсіз деп санаса, Қазақстанға оралып, тергеуге қатысып, айғақтар беруі керек.

"Егер олар кінәсіз болса, қатысы жоқ болса, онда мынадай сұрақ туындайды, олар неге жасырынып жүр? Келіп, кінәсіз екенін дәлелдесін. Айғақ, түсініктеме беру керек. Кінәсі болмаса, ешкім негізсіз айып таға алмайды деп ойлаймын. Сондықтан, іздеуде", - деді депутат.

Мәжілісмен тергеу барысын қадағалайтынын айтты.

LRT ісі бойынша сот 2020 жылдың күзінде Нұр-Сұлтанда басталды. Айыпталушылар қатарында 5,8 миллиард теңгені жымқырды деп айып тағылған жеті адам бар. 2021 жылы мамырда шыққан сот үкімі жойылды. Жеті айыпталушы 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған.