2020 жылғы қаңтар-қараша айларында елімізде 4,1 млн тонна бензин өндірілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,3%-ға артық, деп хабарлайды energyprom.kz.
Шымкентте 1,8 млн тонна бензин (1 жылда 2,9%-ға артқан), Палодар облысында 1,3 млн тонна бензин (1 жылда 6,6%-ға артқан), Атырау облысында 963 мың тонна бензин (1 жылда 12,2%-ға азайған).
Еске сала кетейік, аталған өңірлерде «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС, Павлодар мұнай-химия және Атырау мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істейді.
Он айдың қорытындысы бойынша елдің ішкі нарығында бензинді сату 11,5%-ға қысқарды (ал авиаотынды тұтыну бір жылда бірден 30%-ға төмендеді). Оған карантин шектеулері себеп болып отыр. Бұл ретте отандық компаниялар ішкі және сыртқы секторларда сұранысты толығымен қамтамасыз етті. Импорт үлесі 0,03%-ды құрады, көлемі бір жыл ішінде бірден 15,4 есе төмендеді. Сонымен қатар, экспорт үлесіне ресурстардың 12,1% тиесілі, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш тек 0,6%-ды құраған болатын. Қазақстан 445,6 мың тонна бензинді экспорттады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 20 есе көп.
Сонымен қатар, сарапшылар мотор отынының жетіспеу қаупі бар деп санайды. Қазақстанға жыл сайын қайта өңдеу және өзінің тұтынуы үшін шамамен 17 млн тонна шикі мұнай қажет. Ішкі тұтыну үшін жыл сайын шамамен 5-6 миллион тонна мұнай жетіспейтін. Тапшылық ресейлік жеткізілім есебінен өтелді, дейді сарапшылар. 2020 жылы карантинге және ЖЖМ-ға сұраныстың жалпы төмендеуіне байланысты тапшылық туындаған жоқ.
Бұдан басқа, Қазақстанның Мұнай сервистік компаниялар одағы президумының төрағасы Рашид Жақсылықов Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі міндеттемелеріне байланысты алдағы жылдары отын бағасы өсетінін хабарлады. Бірақ әзірге Қазақстанда ішкі тариф әлі де өз күшінде. АИ-92 бір жылда 2,7% -ға қымбаттап, литріне 150,7 теңгені құрады. АИ-95/96 - 0,8% -ға артып, 1 литрі 171,3 теңге болса, АИ-98 - 1,4% -ға өсіп, 190,2 теңгені құрады.