03 қар, 2022 сағат 19:05

Ленин шахтасы жабылмайды – Жеңіс Қасымбек


Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек апат жиі тіркелетін Ленин атындағы шахта жабылмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыс әкімі аталған шахтада әлі 10 жылға жететін көмір қоры бар екенін айтты.

«Шахта консервацияланбайды. Мұндағы жұмыстар комиссия жұмыс істеп тұрған кезде ғана тоқтап тұрады. Апат себептері анықталғаннан кейін және салдары жойылғаннан кейін шахта әрі қарай жұмыс істей береді», - деді ол.

Сондай-ақ, аймақ басшысы аталған шахтаның «ресурсы аяқталуға жақын» деген мәліметтерді жоққа шығарды.

«Шахтаның ресурсы деген ұғым жоқ. Егер қазуға болатын көмір болса, көмір қоры жұмыс істеуге мүмкіндік беріп тұрса, бүкіл көлем толық қазып алынғанша шахта жұмыс істей береді. Мамандардың дерегі бойынша, бүгінде бұл шахтадан 10 млн тоннаға дейін көмір қазып алуға болады. Орта есеппен жыл сайын 1 млн тонна көмір қазып алады десек, 10 жылдың жұмысы бар деген сөз. Оның өзінде қосымша қатпарларды барлап, игермейтін болса, осындай мерзім бойы жұмыс істейді», - деді Жеңіс Қасымбек.