12 қаз, 2021 сағат 17:00

Лавров: Бастысы - тәліптердің уәделерін орындауы


Ең бастысы тәліптер өз уәдесін орындауы керек. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«НАТО-лықтардың мерзімінен бұрын кетіп қалуы ауған қарама-қайшылығын одан ары ушықтырып жіберді. Елде өте көп қару-жарақ пен әскери техника қалып отыр. Ал олардың деструктивті мақсатта қолданылмауы өте маңызды. Тәліптер есірткі трафигімен және лаңкестікпен күресуге ниетті екенін, көрші мемлекеттерде тұрақсыздықтың орын алуына себепкер болмайтынын, инклюзивті Үкімет құруға тырысатынын мәлімдеді. Ең бастысы осы уәделердің орындалуы», - деді Сергей Лавров АӨІСШК Сыртқы істер министрлерінің 6-кездесуінде. 

Бұған дейін АӨІСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай кездесуге келген делегация басшылары Ауғанстандағы ахуал өздерін қатты алаңдататындығын айтқандығын хабарлаған едік. 

«Көшпелі кезең қалай тезірек аяқталса, Ауғанстан соғұрлым жылдам өңіраралық процестерге, өзара байланыс процестеріне қосылады. Сол арқылы елдің өркендеу жолына түскендігін ертерек атап өтуге мүмкіндік туады», - деді Қайрат Сарыбай.