Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасына ҚР Парламентінің депутаттары бастамашылық жасады.
Заң жобасы кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жақсарту, сондай-ақ Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарын іске асыру мақсатында әзірленді.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің қорытындысына қарағанда, «Жария лауазымды адамдар» ұғымы енгізіледі, ол ұлттық және шетелдік мемлекеттік лауазымды адамдарға бөлінеді. Бұл ретте Агенттік ұлттық жария лауазымды адамдардың тізімін жүргізетін болады, олардың тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
«Цифрлық активтер (қамтамасыз етілген) саласында өз қызметін жүзеге асыратын тұлғаларды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бақылау-қадағалау функцияларын айқындай отырып, осындай субъектілер үшін туындайтын ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органды өз қызметінің басталғаны туралы хабардар ету міндеттемелерін енгізе отырып, қаржы мониторингі субъектілерінің қатарына жатқызу ұсынылады. Ойын бизнесі бойынша шекті мәнді 3 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін, сондай-ақ жылжымайтын мүлікпен мәмілелер бойынша 200 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылады, бұл кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру саласындағы көлеңкелі ортада жасалатын қылмысты анықтауға мүмкіндік береді», - делінген комитет мәліметінде.
«Жобада еліміздегі лауазымды тұлғалардың ақшамен және өзге мүлікпен жасайтын операциялары бойынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілеу көзделген. Ал қаржы мониторингі агенттігі, өз кезегінде осы адамдардың және отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының жеке тізімін жүргізетін болады. Сондай-ақ, жобада цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, осы активтерді ақшаға, не болмаса басқа мүлікке айырбастау жөніндегі қызметтерді жүргізетін тұлғаларды, қаржы мониторингі субъектілеріне жатқызу қарастырылған. Мекеменің заңды иесі туралы мәліметтердің ашықтығын белгілеу мақсатында уәкілетті органға ұлттық тізілімінің деректеріне қол жеткізу ұсынылған», - деді сенатор Бақтыбай Шелпеков
Осы заң жобасымен, Қазақстан Республикасының төрт заңына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.