Латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне өту – жаңа технологияларды игеруге көмектесіп, оған қоса ағылшын тілін меңгеруге де көмегін тигізеді. Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Владимир Чепель осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Таяуда Мемлекет басшысы латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне өтудің маңызын тағы бір да рет түсіндіріп өтті. Яғни біз міндетті түрде әліпбиді қайтадан өзгертуіміз керек. Әрине жаңа әліпбиге көшу – үлкен қадам. Ол үшін алдымен қазақ тілін толық меңгеріп алу керек. Жалпы қазақ тілін оқытатын материалдар мен мақалалардың аздығын байқаймын. Мәселен, педагогтар қазақ тілі пәні бойынша қайта даярлау курсынан өтіп жатыр. Латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне көшу – оларға оңай болмайтыны анық. Бәрін қайтадан зерттеуге тура келеді. Бірақ өскелең ұрпаққа бұл күрделі іс емес. Олар жаңа бағдарлама бойынша оқуды бастайды», - деп есептейді Владимир Чепель.
Оның айтуынша, латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне өту арқылы жаңа технологияларды меңгеру мүмкіндігі арта түседі.
«Компьютер мен ұялы телефондарды жасап шығаратын мемлекеттер еуропалық бағытқа бейімделген. Қазір бүкіл әлемде құрылғыны пайдалану нұсқаулығы ағылшын тілінде жазылады. Менің ойымша, латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне көшу арқылы ағылшын тілін үйрену мүмкіндігін де арттырамыз. Азаматтар тілді оңайырақ меңгеріп, тілді зерттей бастайды», - дейді Владимир Чепель.
Еске сала кетсек, өткен айда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша кеңес өткізген болатын. Жиында Мемлекет басшысы кеңесте қаралған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, әліпби жобасы ғалымдармен бірге толық зерделеніп, Үкімет жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізуді тапсырды.