Өскеменде латын қарпінде жазудан жарыс өтті. Бас жүлде иегеріне қазақтың қара домбырасы берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Латын графикасы – өркениет жазуы» атты акцияны облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін іс-шараның мақсаты – латын графикасындағы жаңа әліпбидің мән-маңызын көпшілікке таныстыру, тұрғындардың жаңа әліпбиге қызығушылығын арттыру еді. Бұл мақсат орындалды, – дейді ШҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймарданов.
Жарыс 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнің шарты бойынша сөздерді латын қарпімен 60 секунд ішінде жазу керек болды. Бұл кезеңге 42 адам қатысты. Келесі кезеңге өткен 28 қатысушы мақалдың екінші жартысын тауып қана қоймай, 120 секунд ішінде оның жалғасын латын графикасында жазды. Үшінші кезеңде қатысушылар күрделі сөздің құрамындағы әріптерден бірнеше сөз жазудан бәсекеге түсті. Ол кезеңнен 3 сайыскер жылдамдық танытып, соңғы кезеңге өтті. Соңғы кезеңде көк экранға берілген суреттерге қарап, сөйлем құрастырып, оны латын графикасымен сауатты жазған сайыскерлердің ішінде Жұпар Хуан 1-орынды, Ерлан Магданов 2-орынды, Еркежан Мұратқызы 3-орынды жеңіп алды.