Қарағандыда кәмелеттік жасқа толмаған екі ұлын ұрып-соғып, 19 жастағы қызын зорлаған өгей әке 9 жылға сотталды. Ол балаларды бірнеше ай бойы діни жоралғы жасауға күшпен үйретпек болған.
Өгей әкенің қаһарынан қорыққан балалар шешелеріне тіс жармапты. Үйдің үлкені бойжеткен қыз зорланған соң ғана, анасы полицияға шағымданған.
Қорлық көрген бір үйдің үш баласы. 5 және 10 жастағы екі ұл мен 19 жастағы қыз бала. Балалардың айтуынша, өгей әке оларды аналары жұмысқа кеткенде таяқтың астына алуды әдетке айналдырған. Тіпті үлкен қызды зорлап, екі күн бойы пәтерде қамап ұстаған, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Жәбірленуші осыдан кейін ғана отбасын зорлықтан құтқару үшін полициядан көмек сұрап, арыз жазыпты. Бұл отбасы 2 жарым жыл бірге тұрған. Балаларға өрескел жәбір көрсеткен 45 жастағы өгей әке үш бірдей баппен айыпталды. Қазыбек би атындағы аудандық сот оны 9 жылға соттады. Сотталушы жазасын жоғарғы қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде өтейді.
"Болған жайтты балалар өздерінің анасына да айтуға қорыққан. Осы жылдың сәуір айында жәбірленуші оқиғаның мән-жайын айтып шағымданған болатын", - деп түсіндірді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков.
19 жастағы жәбірленуші қыз өгей әкесінің діни білімді ғаламтордан алғанын айтқан. Тергеу материалдарына сүйенсек, сотталушы тыйым салынған дінді ұстанған.
Психологтардың айтуынша, балалардың көрген қорлықтарын жасыруы отбасындағы тәрбиеге байланысты. "Ұят болады", немесе "Үлкендерге бағыну керек" деген сөздер баланың болашақта өзгенің тегеурініне төзуіне әкеліп соғады дейді.
Полицияның мәліметінше, балалар аналарын қорғау үшін де зорлыққа төзіп келген. Сондықтан қаланың ортасында тұратын отбасындағы сұмдықты көршілері де байқамапты.
Қазір балалар анасымен бірге. Отбасына психологиялық көмек көрсетілуде.