Сегізінші қабаттан құлай жаздаған 3 жасар қыздың анасы сұхбат беріп, көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Әйел арнаға берген сұхбатында қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын, екі жерде жұмыс істейтінін айтады.
"11 мамырда өмірімде естен кетпес күн болды. Қызым балабақшаға бармайды, өзіммен бірге жұмысқа алып жүремін. Балабақшаға берейін десем, қымбат. 70 мыңнан төмен емес. Дотациямен берейін десем, менің баламның кезегі келгенше мектепке баратын уақыты болады", - дейді қыздың анасы.
Сол күні анасы алыс жолдан келгендіктен, қызының ұйқысын қимай оны інісіне қалдырып кеткен екен. Оның айтуынша, сол күні бірінші рет үйге қалдырған. Сосын інісін де жұмысқа шақырып, бала үйде жалғыз қалған.
"Жұмысым жақын болған соң, барам да келем деп ойладым", - дейді ол.
Қызының сегізінші қабатта салбырап тұрғанын далада шулап жүрген адамдардан естіген.
"Мен қызымды өліп қалды деп ойладым. Одан кейін не болғаны есімде жоқ. Терезелерді жауып кеткенмін, тіпті оянып қалса терезеге шықпасын деп сақтанып, орындықтарды да балконға кіргізіп кеткенмін", - дейді ол.
Оның айтуынша, қызы аяғының астына жұмсақ ойыншықтары мен жастығын қойып терезеге шыққан. Әйел қызын құтқарып қалған азаматтарға алғысын айтты.
"Құтқарған кісілерге көп рақмет! Алладан қайтсын! Ондай нәрсе екінің бірінің қолынан келмейді", - дейді үш жасар қыздың анасы.
1011 рет оқылды