27 қаз, 2018 сағат 17:02

Қызылордалық күрішшілер 500 мың тоннадан астам өнім жинады

Биыл Қызылорда облысында 87,3 мың гектарға күріш егілді, орташа өнімділігі гектарына 54,5 центнерді құрады.

Айта кетейік, жоғары өнімді сорттарды пайдалану есебінен соңғы 5 жылда күріш жармасының өндірісі 39 пайызға артып отыр, ал осы жылдары күріштің жалпы түсімі 2 есеге артты.

Жалағаш ауданында элеватор базасындағы «Байқоңыр» агрохолдингін құру аймақта күріш кластерін дамытуға ықпал етті. Айта кетейік, Ы.Жақаев атындағы күріш өндіру ғылыми-зерттеу институты Бүкілресейлік күріш институтымен бірлесіп Қызылорда облысы үшін арнайы сорттарды шығаруда.
2017 жылы облыстағы күріш шаруашылықтарында Иранда сұранысқа ие "Торем Хошеми" сорты өсіріле бастады. Осыған орай, қармақшылық "Ақтөбе және К" ЖШС осы сортты 70 гектар жерге екті, ал Қазалының "Сыр Маржаны" шаруашылығы сынақтан өткізу үшін 1 гектар аумаққа еккен еді.

Атап өту керек, 2020 жылға қарай облыста Иран күрішінің егістік алқабы 5 мың гектарға дейін ұлғайтылады, сонымен қатар, өңделген күріш экспортының көлемін 8 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Сыр өңірінің күріші Түркменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Моңғолия, Ауғанстан және т. б. елдерге экспортталатын болады.

Бүгін Қызылордада егін жинау науқанының аяқталуына орай ұйымдастырылған "Алтын дән" мерекесі аясында ауылшаруашылығы жәрмеңкелері, мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ аймақтағы ауылшаруашылық саласының ардагерлері мен үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.