07 қаз, 2022 сағат 12:55

Қызылордадағы үш баласы бар әйелдің өлімі: полицейлер де жауапқа тартылуы мүмкін

Фото: instagram.com/nemolchi.kz

Қызылордада күйеуінен таяқ жеп қаза тапқан үш баланың анасының туыстары қылмыскерге жазаны қатайтуды, сондай-ақ қылмысты уақытында тоқтатпаған полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Бұл туралы nemolchi.kz қоғамдық қоры Instagram-да жазба жариялады. Қордың жазуынша, қылмыс Қызылорда қаласының орталығындағы кафе мен полиция бөлімшесі орналасқан Өсербаев көшесінде болған. Ол көшеде бірнеше дүкен мен тәулік бойы жұмыс істейтін агенттіктер орналасқан. Сондықтан бұл қылмысты көп адамдар көрген, бірақ тоқтатпаған.

"Ажардың денесінде көптеген көгерген, кесілген жерлері болды. Қабырғасының сынғаны да анықталды. Оның денесін асфальт бойымен сүйреген болуы керек, үсті, шашы балшық болды. Ал өздері тұратын бөлменің едені қанға боялып жатты. Оған не істегенін ойлаудың өзі қорқынышты. Ажар аса қатыгездікпен өлтірілгендіктен, 99-баптың 1-бөлігін 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағына өзгертуді талап етеміз. Сондай-ақ, аса қатыгездікпен өлтірген өлім кезінде әрекетсіздік танытып, қылмысты жасырғаны үшін полиция қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 370-бабының 4-бөлігімен және 433-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғауды да талап етеміз", - деді туыстары.

Сонымен қатар, туыстары полицияға арызданбаған, тиісті қызметтерге хабарласпаған дәмхана қызметкерлерін, құқық бұзушының туыстарын жауапқа тартуды сұрайды.

Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі 3 қыркүйекте Шәдиеваның өлімі бойынша Қызылорда қалалық полиция басқармасы ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша соталды тергеуді бастағанын хабарлады. 

"Тергеу барысында қылмысқа қатысы бар күдікті анықталып, тергеу сотының санкциясымен оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", - деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облысы бойынша департаменті полиция қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігі бойынша соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын айтты.