07 ақп, 2020 сағат 22:50

Қызылордадағы мектеп құрылысының айналасындағы дау: Жоба құны талапқа сай ма?

Қызылорда облысы Жаңақорған кентінде салынып жатқан №169 Н.Илялетдинов атындағы орта мектептің жаңа ғимаратының жоба құнына байланысты әлеуметтік желі беттерінде түрлі пікірлер айтылған болатын. Осыған орай құзырлы орындар тарапынан жүргізілген зерттеу нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мектеп 600 балаға арналған. Оның жобасын дайындауға 2018 жылы аудандық бюджеттен 14,8 млн теңге қаржы бөлінген. Осыған сәйкес кент әкімінің шешімімен Б.Байкенжеев көшесінің бойынан мектеп ғимаратын салуға жер учаскесі бөлінді. Бұл жер инфрақұрылыммен толық қамтылған, №169 Н.Илялетдинов орта мектебінің ескі ғимаратына жақын орналасқан. Мектеп оқушыларының қатынауына да қолайлы. Сондай-ақ, осы жерге шоғырланған 8 мыңнан астам тұрғын сұранысын қанағаттандырады.

«Мектептің жобалау-сметалық құжаттары өткен жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысына ие болды. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Алайда, оның 2,4 млрд теңгесі құрылыс-монтаждау жұмыстарына, 23 млн теңгесі авторлық қадағалауға, сондай-ақ 63,5 млн теңгесі техникалық қадағалауға қаралған. Осы жерде атап өту керек, Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары және ережелерінің қағидаларына сәйкес Жаңақорған кенті сейсмикалық аймаққа жатқызылады. Сондықтан инженерлік-геологиялық іздестіру қорытындысы негізінде мектеп ғимараты 7 балға сәйкестендірілді. Нысанның сейсмикалық талабы ескерілгендіктен оның құрылыс-монтаждау жұмыстарына қосымша 450 млн теңге есептелген. Сонымен қатар, жерасты суларының жоғары деңгейде болғандығы да ескерілді. Жобалау-сметалық құжаттамада 600 млн теңгеге жуық қаржы, жер жұмыстарын қолданыстағы нормативтік-техникалық талаптарға сәйкестендіру үшін қаралып отыр. Жоғарыда аталған талаптар жобаның қымбаттауына әкеп соққанымен, балалар қауіпсіздігі бұл жерде бірінші кезекке қойылып отыр», - деді Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.

Білім ордасы орналасқан аумақтың геологиялық зерттеу қорытындыларына күмән болуына орай, Қызылорда облысының құрылыс-сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан өткен жылдың қазан айында инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстарына қайта тапсырыс берілген. Алайда зерттеу нәтижесі бұрын берілген геологиялық зерттеулердің қорытындысымен сәйкес келіп, еш қауіп жоқтығы анықталған.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы аталған мектеп құрылысының құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 500 млн теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, қыркүйек айында құрылыс жұмыстары басталған.

Бүгінгі күні құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс-монтаждау сапасы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы мен тиісті органдардың қатаң бақылауында.