Қызылорда қаласында орналасқан "Атамекен" отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы үйлердің біріне "Қасіретті қаңтар" оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан Ұлттық ұлан жауынгері, ІІІ дәрежелі Айбын орденінің иегері Қайсаров Мадиярдың есімі берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, Қызылорда гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Ғалымжан Маханбетов, Ұлттық ұлан 5547 әскери бөлімінің командирі подполковник Төлеби Чубаев, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ерлан Әбдікәрімов және батыр жауынгердің ата-аналары мен әскери қызметшілер, балалар ауылын тәрбиеленушілері қатысқан.
Шара ең алдымен, бейбіт күннің батыр жауынгері Мадияр Оразалыұлын еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталған. Кейін басқарма басшысы сөз сөйлеп, үйге батырдың есімі берілуі оған деген құрметтің белгісі екенін, жастардың патриоттық сезімін оятып, оларды елге деген алаңдаушылық, сүйіспеншілік сезіміне тәрбиелеу екенін жеткізді.
Шарада жауынгер қызмет еткен 5547 әскери бөлімнің командирі подполковнигі Төлеби Чубаев мен ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ерлан Әбдікәрімов, Қызылорда гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Ғалымжан Маханбетов сөз сөйлеп, Мадиярдың өз жұмысына адал болғандығын айтып еске алды.
"Сондай-ақ, батыр жауынгердің ата-аналары ұлдарына арнап үйдің есімін берген облыстық білім басқармасы мен балалар ауылына ризашылықтарын жеткізді. Жалғыз ұлынан айырылған шақта Оразалы Бейісбеков қатты қайғырған болатын, ұлының есімін жаңғыртып жатқан ұжымға рақмет айтып, ерекше толқыды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Мадияр Қайсаров "Қасіретті қаңтар" оқиғасы кезінде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан. Бүлікшілер әскери жүк көлігін қолды етіп, оны сарбаздарға бағыттаған. Сол сәтте Мадияр батыр жанындағы серіктерін итеріп үлгеріп, өзі "КамАЗ" көлігінің астында қалған болатын.