Қызылорда қаласында ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған митинг өтті.
Шарада облыс әкімі Қ. Көшербаев ел тарихында миллиондаған қазақтардың өмірін қиған бірқатар қайғылы оқиғалар орын алғанын атап өтті. Олардың бірі – 30-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық.
«Бір ғана Қызылорда облысында барлығы 81 бай, 10 920 ірі қара, 47 299 ұсақ мал тәркіленіпті. Мұрағат қорындағы облыстық прокуратураның 1937-1938 жылдардағы құпиясыздандырылған құжаттардағы деректері бойынша НКВД үштік сотымен 1937-1938 жылдары халық жауы деген жаламен 314 адам, оның 110-ы партия қатарынан сотталып жазаланған екен. Тарихшылардың бағалауынша, одақ бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды», - деді аймақ басшысы.
Митингте құрбандарды еске алу мақсатымен бір минуттық үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Сондай-ақ, кешке Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклінің қойылымы өтеді. Спектакль «Темір наркомның» өмірі қазақ халқының ағарту ісіне бағытталған еңбегі туралы баяндайды.