26 там, 2022 сағат 16:35

Қызылордада сәбиді құтқарып қалған жасөспірімге пәтер кілті табысталды


Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев екі жасар сәбиді құтқарып қалған 15 жастағы Арман Аманжоловқа екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сый облыстық Тамыз педагогикалық кеңесінде салтанатты түрде табысталды. Аймақ басшысы жас батырға ерекше алғысын білдірді және бұл пәтер демеушілер атынан берілетінін атап өтті.

"Қарапайым ауыл баласының бұл ерлігі өзі сияқты балаларға үлгі болсын, елімізде мұндай азаматтар көп болсын. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айтамыз. Сіз - нағыз батырсыз!" – деді аймақ басшысы пәтер кілтін табыстап.

Еске салайық, 19 тамызда Қызылордада төрт метрлік кәріз құдығына түсіп кеткен екі жасар баланы кездейсоқ өтіп бара жатқан жасөспірім құтқарып қалған.

Арман Қызылордаға Ихсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне түсу үшін келген. Таңдаған мамандығы - электрик. Ол - көпбалалы отбасынан шыққан жігіт.