20 сәу, 2022 сағат 22:05

Қызылордада Роза Бағланованың ескерткіші ашылды


Қызылорда қаласында бүгін Қазақстан және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы бүгінде ЮНЕСКО және республика көлемінде аталып өтіп жатыр. Атаулы шаралар Сыр өңірінде 20-21 сәуір күндері болады. 

«Сырда өнердің тойы басталды. Сырдан қанаттанып, өресі биік ән падишасына айналған ғазиз-ғұмыр иесінің мерейтойлық шаралары Қызылорда қаласының орталық алаңында Роза Бағланова ескерткішінің ашылуымен бастау алды. Ескерткіштің авторлары - мүсіншілер Мұрат Сыдықов пен Бауыржан Кененбай. Оның биіктігі - 5,7 метр. Тұғыры граниттен, ескерткіштің негізі қоладан құйылған», - деді Жанат Ашанқызы.

Белгілі әншінің кезінде продюсері болған Қуаныш Абдухалимов Роза Тәжібайқызы «Ғасыр адамы» екенін атап өтті. Аңыз адамды ұлықтау тұрақты түрде жүргізілуі тиіс.

Роза Бағланованың ұлы Тәжен Бағланов анасы туралы жылы естеліктер айтты. 

«Анамның құрметіне Алматы қаласында мұражай ашылады. Сондай-ақ, туған жері - Қазалы ауданында да мұражай бар. Аталған орындарға анамның естелік заттарын ұсынуды жөн көріп отырмын», - деді Тәжен Бағланов.

Белгілі әншінің мерейтойлық шаралары екі күнге созылады. Аталған шара аясында биыл «Ақмаңдайлым» республикалық әншілер конкурсына барлық өңірден қатысқан 200 талапкердің арасынан 15-і іріктеліп алынды.