26 там, 2019 сағат 15:47

Қызылордада мүмкіндігі шектеулі жастарға республикалық лагерьге жолдама берілді

Қызылорда облысында аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және белсенді 10 жасқа республикалық «Жастар Отанға» лагеріне жолдама берілді. Бұл жолдама облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың жастармен жүздесу барысында табыс етілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жүздесу Арал ауданындағы «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының алаңында өткізілді. Кездесуге өңірдің жастар ұйымдарының белсенділері, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан жастар, облыстық ұйымдардың басшылары, жұмыссыз және мүмкіндігі шектеулі жастар, барлығы 120-ға жуық адам қатысты.


Аймақ басшысы жастар тақырыбында ой бөлісіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Өз кезегінде Арал және Қазалы аудандарының әкімдері және облыс ұйымдары мен мекемелерінің басшылары жастарды қолдау бойынша атқарған жұмыстары мен жастарға арналған мүмкіндіктер туралы баяндады. 2014 жылдан бастап Ресей Федерациясының Үкіметімен келісім негізінде қызылордалық түлектер Мәскеу мен Санкт-Петербургтің үздік техникалық жоғары оқу орындарында білім алып келеді. Олар оқуды аяқтағаннан кейін жергілікті кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар оларды жұмысқа орналастыру мәселесін шешеді. 

Жүздесу соңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов белсенді, аз қамтылған отбасыдан шыққан, мүмкіндігі шектеулі жастар мен жұмыссыздарға «Жастар Отанға» республикалық жастар лагеріне жолдама табыстады.