13 қаз, 2022 сағат 10:46

Қызылордада қылмыстық топ мүшелері сотталды


Қызылорда қаласында жалған ақшаның заңсыз айналымына қатысы бар трансұлттық қылмыстық топқа қатысты сот процесі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, ҰҚК және прокуратура органдары бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында Қызылорда, Алматы және Өскемен қалаларында Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия азаматтарынан тұратын қылмыстық топ мүшелері құрықталған.


"Тергеу барысында олардың аса үлкен көлемде жоғары сапасымен ерекшеленетін жалған АҚШ долларын және евроны Қазақстан аумағына әкелуге және өткізуге қатысы барлығы дәлелденді. Валюта Түркиядан Қазақстанға пошта арқылы жасырылған күйде жөнелтіліп отырған.

Қызылорда облысының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының шешімімен топ басшылары мен мүшелері трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты құрғандары және оған қатысқандары, сонымен қатар жалған ақшаны өткізгендері үшін кінәлі деп танылды.

Кінәлі азаматтар 9 жылдан бастап 17 жылға дейін ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасына кесілді" - делінген хабарламада.